Басты бетЖаңалықтарҚұрылыс нысандарында...

Құрылыс нысандарында 615 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 миллион теңгеден астам 615 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Кейінгі уақытта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерде рұқсатсыз құрылыс жүргізу мәселелері жиілеп кетті. Біз жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстарын тұрақты негізде өз бақылауымызда ұстаймыз. Мәселен, Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасуға құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген,- деді Қайырбек Өскенбаев.

Осылайша биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берілді.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылған.