Басты бетЖаңалықтарАлматы облысының...

Алматы облысының тұрғыны мешіттерде 16 ұрлық жасаған

Күдіктінің 16 ұрлыққа қатысы бар екені расталды.

Ақпан айының соңынан бері Талғар аудандық ішкі істер бөліміне Тұздыбастау, Гүлдала, Қызыл ту және Панфилов ауылдарында орналасқан мешіт жамағатынан өтініш келіп түсті. Көшедегі бейнебақылау камерасы үнемі қорғаныс маскасын киіп жүретін ер адамның әрекетін түсіріп алған.

Күдікті құптан намазының уақытын пайдаланып, келушілердің ақшасын, ұялы телефонын және бағалы заттарын ұрлап кеткен. Ол мешіт ішінде де, сыртында да әрекет етіп, тұрақтағы көліктерді де ашқан. Ол пластиктен жасалған әрі болат ұшы бар арнайы балғамен көліктердің бүйірлік әйнектерін сындырған,- деді Талғар аудандық полициясы бастығының орынбасары Бурянский Андрей.

Ер адам сол маңдағы Есік тұрғыны. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір ұсталған азаматтың облыстағы осыған ұқсас басқа да ұрлық әрекеттеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.