— Менің кәсібімнің тарихы сонау 2008 жылы басталған еді, -деп бастады әңгімесін Ольга шай ұсынып жатып. — Ол кезде Талдықорғандағы ЖМУ-дың педагог-психолог мамандығын бітіріп, балалар лагерінде жұмыс істеп жүрдім. Сол жерден мені қоғамдық тамақтану саласын дұрыс ұйымдастыруды, оның нормаларын үйрену үшін «Дастархан» жүйесіне оқуға жіберді. Мейрамхана ашу туралы идея сол кезде келді. Оның үстіне біздің қаламызда жапон тағамын ұсынатын жерлер болған жоқ. Соны ашқым келді. Ол кезде жасым небәрі 23-те. Не болса да, тәуекел етіп, кірістім.

Алғашқы капитал

Алғашқы қаражатты  достарымнан, таныстарымнан қарызға алдым. Несие алуға қорықтым. Ол барып тұрған утопия ғой. «Дамудан» алсам, штеңе емес. Егер банкке барсаңыз, өте үлкен пайыздар ұсынады. Мысалы, екі жарым миллион теңге несие алсаңыз, он жыл ішінде жеті миллионға жуық қаражат қайтарасыз. Менің ойымша, іс бастау үшін саған көмектесе алатын жандардан қарыз алған дұрыс. Біз сөйттік.

Мен қаражат немесе басқа да құрылғы сұраған кезде ешкімге жалынған емеспін. Міндеттемедім де. Олар маған сенді. Мүмкін сендіре алатын қасиетім бар шығар. Әйтеуір, ешқашан не істеймін, қалай істеймін деп бас қатырып отырған емеспін. Бастысы, адамдарға шынайымын.  Көмек сұрап барғанда ол адамнан ақша сығып алуды емес, қолымнан іс келетініне, жауапты екеніме сендіруді ойладым. Бастысы сол. Ол адамның алдында қарыздар болатыныңызды,  «лақтырып» кетпейтініңізді, уәдеде тұра алатыныңызды дәлелдеуіңіз керек.

Кешіріңіздер,  мен кәсіп бастаған жылдары жастарға арналған ешқандай мемлекеттік бағдарламалар болған жоқ. Қазір жастарға іс бастау жеңілдеді.  Жиырма-жирыма бес жастағыларға мүмкіндік көп. «БМ»-діктер (Бизнес молодость) ұйымдастыратын тегін шеберлік-сыныптарына қатыссын. Одан өзге де бағдарламалар мен жобалар жетеді. Қазір мемлекеттен де қолдау бар. Ниет болса, көмектесетін, жол көрсететін адамдар табылады.

Талдықорғандағы ең бірінші  жапон мейрамханасы

ЖШС тіркедім де, аспаз іздедім. Оны Алматыда оқыттым.  Сосын ақырындап суши ролл жасап, үйге жеткізіп беретін болдық. Біртіндеп тұрақты клиенттер пайда бола бастады. Кейін олар «Тамақтанып, әңгімелесіп отыратын жер ашыңыздаршы»,- деп өтініш айтты. Сұраныс болса, неге ашпасқа? Бір мейрамхананы жалға алдық. Ішін жапон стилінде безендірдік. Сөйтіп қалада ең бірінші болып  «Гинатаки» жапон мейрамханасын аштық.

"Гинатаки" жапон мейрамханасы
«Гинатаки» жапон мейрамханасы

Біздің бірінші артықшылығымыз сол еді. Екінші ерекшелігіміз – тыныштық , үшіншісі – романтика. Себебі ғашықтарға арналған романтикалық кештер ұйымдастырдық: шамдар, раушан гүлінің күлтелері… Ол кезде романтиканың шыңы сондай еді ғой (жымиып). Төрт жыл осы мейрамхананы айналдырдық. Сөйтіп жүргенде кездейсоқ бір сайтқа көзім түсті. Шоколад, кофе туралы шетелдік сайт еді. Көрдім де, «ауырдым». Жаңа бір нәрсе істегім келді. Ештеңеге қарамастан Мәскеуге оқуға кеттім. Қолдан шоколад жасауды үйрену үшін…

Талдықорғанға келген соң, кішігірім ғимарат тауып, жалға алдық. Француз стиліндегі кофехана ашқымыз келді. Онда тек қана кофе, шоколад, тәттілер ғана сатылады, жұмыртқа, таңғы ас секілді ештеңе болмайды деп шештік. Осылайша екінші жобамыз — «Griol шоколад үйі» басталды.  Іші толығымен француз стилінде жасап, шай салынған банкалар, кофе, кофемашина қойдық. Жайлы атмосфера жасадық. Дизайны жылы түстерден, балалар мен гүлдердің суреттері ілінген. Десерттердің бәрі шоколадтан: ақ, қара, сүтті шоколадтар, шоколадты нан өнімдері, қолдан жасалған кәмпиттер, ыстық шоколад… Біздің шоколад суға араластыра салатын ұнтақтар емес, өзіміз жасаймыз.

"Монмарт" кофеханасы
«Монмарт» кофеханасы, ©szh.kz

Бұл жобаның да жолы болды. Осылай тағы төрт жыл жүрдік. Оқыдық. Үйрендік. Дұрыс тамақтануға арналған тәттілер, нан өнімдері сынды жаңа бағыттар таптық. Кейін ғимаратымыз тарлық ете бастады. Сондықтан бұдан кеңірек екінші нүкте ашуды ойлап, тағы бір ғимарат жалдадық. Онда жеке асхана, жеке наубайхана, қойма бар. Ол кеңейтілген үшінші жобамыз болды. Мonmartre антикварлы кофеханасы.  Онда шай мен кофеден өзге жеңіл-желпі таңғы ас ішуге болады. Басқа кофеханалардағыдай… Сондай-ақ, табиғи нан өнімдерін, ірімшік енгізуді қолға алдық.

Неге «Монмарт»?

Мonmartre – Париждегі аудан. Алматыдағы «Арбат» сияқты. Ол жерде ескі заттарды сатады, суретшілер отырады. Неге «Монмарт»? Себебі бізде де ескі заттар сатылады. Қолдан жасалған.  «Зингер» машиналары, орындықтар боялған. Дәл қазір сіз екеуіміз антикварлы орындықтарда отырмыз. Бұлар 19 ғасырдың аяғында жасалған.Сатып алуға болады. Бағалары жазылған. Ол үшін Алматыдағы антикварлы компаниямен бірігіп жұмыс істейміз.

"Монмарт" кофеханасы
Антикварлы картина, ©szh.kz

Купюра дәстүрі

«Жетісу» футбол клубында жұмыс істейтін футболшылар – тұрақты клиенттеріміз. Күн сайын келіп эспрессо кофесін ішеді. Бір күні қызық болды: Әдеттегідей бес футболшы келіп кофе ішіп отырған. Кетерінде әрқайсысы бір-бір қағаз ақша шығарып, оған қолтаңбаларын қойып, «Бізден естелік болсын!»-деп сыйға тартты. Олар шетелдіктер еді. Қуанып қалдық. Купюраларды төбеге жабыстырып қойдық.

"Монмарт" кофеханасы
Купюра дәстүрі, ©szh.kz

Оны көрген басқа да клиенттер «О, бұларда рубль жоқ екен» деп, бір рубльге тілек жазады да, жабыстырып кетеді. Тағы біреулер юань береді. Осылайша, бірталай купюра жиналып қалды. Барлығы шын ақшалар. Бұл ешқандай да фен-шуй емес. Жай ғана естелік.

Қиындықтар

Мен басында мемлекеттік тексерістерден қорқатынмын. Ол кезде 24 жастамын ғой. Фобия десе де болатын шығар. СЭС-тен қорықтым. Қашан да бірдеңе тауып алатындай, ісіме кедергі келтіретіней көрінетін. Шулы қонақтардан да қандай да бір жанжал туындап қала ма деп үрейленіп жүрдім. Кейін жыл өткен сайын бұл қорқыныш сейіле бастады.

Сөйтсем, СЭС келетін кезде алдымен ескерту жібереді екен. Ешкім кенеттен тексермейді. «10 күннің ішінде санитарлық-эпидемиялық станциялақ тексерістен өтуіңіз керек» деген хабарлама келді. Сол уақытта ненің қалай болуы керек екенін анықтап, жөндеуіңіз керек. Ереже бойынша әр қызметкердің санитарлық кітапшасы болуы керек. Оны ешкім тексеріп, сұрамаса да. Одан өзге дезинфекцияға, қоқыс  төгуге арналған келісім-шарттар болуы керек. Журналдар, табельдер…

Мен өз ғимараттарымда да шаңның дәл үйдегідей сүртілгенін қалаймын. Үйіңізде шаң сүртесіз ғой. «Неге сүртуім керек?» демейсіз. Себебі, солай болуы керек. Өзіңіз үшін. Ас үйде де солай. Онда кіргенде тазалықты көргім келеді, сонда ғана тәбетім тартпақ. Егер асхана жиналмаған, лас болса, тәбетіңіз қашады ғой? Дәретханада да солай. Бәрі жарқырап тұруы керек.

Иә, бізге СЭС айыппұл салған кездер де болды. Бәрі ұсақ-түйек еді. Сөйтіп жүріп әр жағдайдан сабақ алдым, жетіле түстім. Бір айтарым, барлығы дұрыс, өз орнымен, ережеге сай болсын. Сонда ешбір тексеруден ол қай уақытта келсе де қорықпайсыз.

Табысқа қашан шықты?

Менің жобаларым ақша табу үшін жасалмаған. Маған бір танысым айтқан еді: бизнестің екі түрі болады: бірі – ақша үшін, екіншісі – өзің үшін. Менікі – біріншісі.

Барлық ақылды кітаптар «сіздің бизнесіңіз бір жылдың ішінде табысқа шығуы керек» деп жазады. Ондай ештеңесі жоқ. Шынайы өмірде басқаша.

Біздің алғашқы жобамыз үш жылдан кейін табысқа шықты. Оның себептері көп: мүмкін жапон тағамдары болғандықтан, мүмкін Талдықорғанда болғандықтан шығар…

Монмарт кофеханасы
«Монмарт» кофеханасы, ©szh.kz

Менде клиент көп болса деген ой ешқашан болған емес. Менің қалауым: тыныштық, сабырлылық, жұпар иісті таяқшалар, майшамдар, балықтар, музыка… Ал, кофехана бір жылдан соң табыс әкелді. Алайда бірден айтайын: бізде миллиондық айналым жоқ. Бірақ аренданы төлеуге, қызметкерлерімнің еңбекақысын беруге, оларды оқытуға, азық-түлікке, өзіме де жетеді. Бәріміз ризамыз (жымиып).

«Клиент жоғалттыңыздар» дейтіндер көп»

Кітаптарда қандай қателіктер жасамау керектігін жазады. Бәріне сене берудің қажеті жоқ. Біздің менталитетіміз, тұтынушылығымыз өзгеше. Бізде жаңа нәрсеге үреймен қарайды, сенімге кіру қиын.

Ал мен тәжірибе жасауды ұнататын адаммын. Торт болса, ол өзгеше болуы керек. Ол тек тәтті ғана емес, көрген көзге ләззат сыйлауы тиіс. Басында бізге келген адамдар бұнымен келісе алмады: «Кофехана, бірақ жейтін ештеңе жоқ? Мүмкін емес. Кофеден басқа ештеңе керек жоқ па? Біздің беляши немесе чебуреки жегіміз келеді» дейтін. «Достар, бізде ондай емес» десеңіз, «Ой, кеттік» ,-деп  кетіп қалғандар көп.  Сосын біздің мәзірде қарапайым шай жоқ. Тек хош иістілері ғана.  Бұны да көбі түсінбеді. «Неге олай істейсіздер?», «Қаншама клиент жоғалттыңыздар» дейтіндер көп. Біз клиенттерді емес, қонақтарды жоғалтамыз. Бұл бір. Екіншіден, қарапайым шайды сіз үйіңізде де іше аласыз, ал бізге ерекше шай үшін келіңіз. Біздің философиямыз осындай.

Монмарт кофеханасы
«Монмарт» кофеханасы ©szh.kz

Әрине, біз бәрінің таңдауын, талғамын сыйлаймыз.

«Маркетингтік сараптама жасамадық»

Біз бір ғана жарнама беріп көрдік. «Вконтакте» желісіндегі «Талдыкорганец» парақшасына. Ашылардың алдында. Одан кейін жарнаманың қызметіне жүгінбедік.. Алайда, оның қаншалықты жұмыс істейтініне маркетингтік сарапама жасамадық. «Сарафанное радио» деген бар. Кейбіреулер көшеден өтіп бара жатып, кіре салады да, ішіне кірген соң «О, қандай тамаша!» дейді (күліп). Сосын инстаграмда парақшаларымыз бар. Сайт жасап жатырмыз. Осылайша ғаламтордың  мүмкіндіктерін игеруді үйреніп жүрміз (күліп).

«Кәсіби кондитерлерді жұмысқа алмаймын»

Қазір ресторан мен кофеханаларда 20 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақылары – Талдықорған қаласындағы орташа еңбекақы, 60 мың теңге. Бір адамға орташа чек 1200  теңге, мұнда 3 мың теңге. Бұл Алматы емес.

"Монмарт" кофеханасы
«Монмарт» кофеханасының мәзірі, ©szh.kz

Қыздарым кәсіби кондитерлер емес. Мен кәсібилерді жұмысқа алмаймын. Себебі оларды қайтадан оқыту, басқа нәрсе үйрету қиын. Бәрібір бұрынғы білетіндеріне салып кетеді. Одан әуесқой кондитерлерді үйрету оңайырақ. Сондықтан жұмысқа тәтті пісіргенді жақсы көретін қыздарды аламын. Кейін оларды Алматыға немесе Ресейге оқуға жіберемін. Немесе осында Ресейден, Парижден келетін немесе отандық кондитерлік шеф-аспаздардың шеберлік сыныбына қатыстырамын. Ақылы түрде, бірақ қолжетімді бағада.

 

Қажетті азық-түлікті Алматыдан әкелеміз. Алматы қайдан әкелетінін өздері біледі (күліп). Шоколад қымбат. Бір килограммы бес мың теңге тұрады. Ал, кофені Мәскеуден, шайды Питерден аламын. Құрылғыларды Италия мен Украинадан аламын.

Бәсекелестер

Мен «Бәсекелестер» деген сөзді ұнатпаймын. Менің түсінігімде олар сен сияқты іспен шұғылданып жүрген, саған еркінсуге жол бермейтін, үнемі алға итермелейтін қозғаушы күш. Қалада бізден де өзге бірнеше кофехана бар. Алайда, әрқайсымыз әртүрлі істейміз. Сондықтан біз бір-бірімізбен достық қарым-қатынастамыз. Егер біз Алматыдан тапсырыспен зат алдыртсақ, оларға қажеттіні де алдыра саламыз.

«Менікі — Наполеонның жоспарлары»

Болашаққа жоспарларым өте көп. Наполеонның жоспарлары сияқты (күліп). Жақында біздің қаладағы Ирина деген кәсіпкерімен сөйлестім. Ол менен үлкен. Оған: «Ира, менің қалауым күн сайын артып барады. Бұл дұрыс па?»-десем, «Қалыпты жағдай»,-дейді күліп. Менің бизнесім — баюдың жолы емес, бұл менің шығармашылығым. Мен күн сайын монотонды жұмыс істеу үшін емес, осы жұмыстан шығармашылық ләззат алу үшін ұйқымнан тұрамын. Бұл жұмыста адамдармен тіл табысасың, жетілесің, жаңа нәрселер үйренесің, адамдарға қуаныш сыйлайтын қандай да бір әдемі заттарды жасайсың, риза болған көздерді көресің. Бұл тамаша! (жымиды).

Десерт, торт
«Гриоь» шоколад үйінің десерттері

Қазір дұрыс тамақтануға арналған десерттер шығаруды қолға алдық. Олардың калориясы аз, толысудың алдын алады. Біздің қыз-жігіттердің көбі фитнеске барады, өздерінің дене бітіміне көңіл бөлушілер көп. Соларға арналған.

 «Әр жобамызда бір нюанс бар»

Біздің әр жобамыздың артында бір нюанс бар: әрдайым керек уақытта керек адаммен танысамыз. Мысалы, алғашқы жапон мейрамханасын ашарда «Дастархан» жүйесін құрған кісімен, шоколад үйін бастарда Мәскеудегі әйгілі кофе компаниясының директоры Ильямен таныстым. Бұның бәрі кездейсоқ кездесулер еді. Тағдырдың сыйы деуге болады. Солардан іс бастауды, оны басқаруды үйрендім. Олар да қолдан келген көмектерін аямады: Илья кофе құрылғыларын берді. «2 жыл ішінде ақысын өтеп берерсің»,-деді. Осылай. Егер сенің көзіңде от болса, іс бастауға, соны айналдыруға деген ниет болса, көмектесетін адам табылады екен.

"Монмарт" кофеханасы
«Монмарт» кофеханасы, ©szh.kz

Қателіктер мен сабақтар

Доллар өсіп кеткенде балықтың бағасы қымбаттап кетті де, қонақтар саны қысқарды. Сол кезде мейрамхананы жауып тастау туралы ой келген. Оған себеп  — менің жарнаманы аз бергенім, адамдардың басқа қалаларға көшіп кетуі, дұрыс көңіл бөлмегенім. Демек, тайм-менеджментім дұрыс болмаған. Сосын, бәрін қолға алып, тәжірибемнің арқасында барлығын дұрыстадым. Әрдайым оқып, ізденетін болдық. Қазір «БМ»-ге «Цех» деген бағдарламаға жазылып қойдым.

Тайм-менеджмент

Басында демалыссыз жұмыс істейтінмін. Қазір аптасына бір күнді баламмен, күйеуіммен уақыт өткізу үшін отбасыма арнаймын. Балалы болғалы бері өмірімде өзінен-өзі режим пайда болды. Себебі, отбасымның алдында міндеттерім бар. Сондықтан жұмыс соңында ертеңгі істерімді қағазға түсіріп қоямын. Бірақ қатты шектеу қоймаймын. Бүгін бір істі бітіре алмасам, ертеңге қалдырамын. Бұл да тәжірибемен келеді.

Балама күтуші жалдаған жоқпын. Балаға кім қарайтыны туралы мәселе шыққанда анам «Оның әжесі жоқ па екен?»-деді (күліп). Солай Елисей ұлым анаммен отырады. Қазір 2 жас 2 ай болды. 6 айдан кейін балабақшаға беруді жоспарлап жүрміз. Кезекке тұрып қойғанбыз.

Отбасым туралы

Мектепті Макаренкода бітірдім. Қызыл аттестатпен. Грантқа түсе алмадым. Ақылы оқуға қаражат болмады. Асықпадым. Училищеде бір жыл оқып, келесі жылы грантқа түстім. Бәрі өз ретімен болады екен.

Істі бастаған кезде тұрмысқа шықпаған едім. Қазір күйеуім бар. Ол мені қолдайды, әрдайым көмектеседі. Сол үшін де күйеуім ғой (күлді). Ол шығармашылық тұлға. Дизайнды жақсы біледі. Маған барлық интерьерлерді таңдауда көмектесіп келеді. Құрылыс, жөндеу жұмыстарын өзі шешеді.  Қазір ол да бизнеске келіп жатыр. Ақыл-кеңесін береді.

Кітаптар

Бұрын писхологиялық ктіптарды жақсы көретінмін. Бір кездері Ошомен ауырдым. Мейрамхананы ашарда тек Жапония туралы оқитынмын. Сосын «Қалай мейрамхана ашу керек?» деген тақырыптағы материалдарды оқыдым. Соңғы оқығаным «Старбакс». Оны Мәскеудегі достарым сыйлаған еді. «Как преуспеть в бизнесе» деген кітапты оқыдым. Негізі оқуға болатын кітап көп. Көркем әдебиетті оқымағаныма көп болды. Соңғысын тыңдадым десем де болады (күліп).

Оқығыңыз келмесе, көп оқитындармен араласыңыз, сөйлесіңіз. Олардан да көп нәрсе үйренуге болады. Менің бір құрбым бар: «Мен кітап оқығанды ұнатпаймын. Мен табиғатымнан ақылдымын», -дейді (күліп).

Не шабыттандырады?

Әдемі ғимараттардан шабыт аламын. Балетті жақсы көремін, театрға барамын. Жаңа адамдармен танысамын. Алдыңғы сенбіде дизайнер Әлия Шарипованы шақырдық.  Сурет салдық. Тамаша болды. Өзіңмен бір толқындағы, өмірге сен сияқты қарайтын, сен сияқты ойлайтын адамды, қызығушлығы бір адамды тауып алу керек. Сонымен өмір қызық. Қыздар келіп тоқыма тоқиды, балалар пряник жасайды. Осыдан да шабыт алуға болады. Немесе әлеуметтік желіге шеберлік-сыныбын өткізетінің туралы хабарландыру тастап, соған жазылушылар көп болса, ол да шабыттандырады. Солай.

Жапонияда ешқашан болмағанмын, Парижде тек бір рет қана. Ал, француз кофеханасын ашу туралы ой Францияға бармастан бұрын келген (күліп). Білесіз бе, мотивациялық техникалар бар: сіз өзіңіз барғыңыз келетін жердің суреттерін жинап, соған ұқсайтын бұрыштар жасайсыз. Сол орындалады. Біздің екінші кофеханада  бір қабырға түгелімен «Эйфель» мұнарасының суретімен көмкерілген. Визуализация. Өзім Парижге барғанда ойладым: «Хоп! Мен өзім суретін жинап жүрген мұнараның жанында тұрмын. Уау!»- деп. Конфуций айтқандай «Армандаңыздар, армандар орындалады». Мен айтар ем, армандаңыздар, бірақ дұрыс армандаңыздар. Ойлаудан бұрын ойлаңыз. Мен қазір яхта туралы армандап жүрмін (күліп). Сонау жақта…Теңіздің жанында… Сандырақ сияқты көрінетін шығар, бірақ, сонда да, бұл менің арманым ғой (күліп). Ең бастысы, қандай жағдайда да адам болу керек. «Тауға қарай көтерілген кезде, қайтадан сол соқпақпен оралатыңды ұмытпа» деген бар ғой. Егер ақшаң көп болса, бөліс. Қайырымдылықпен айналыс. Мен де қайырымдылық шараларынан тыс қалмаймын. Алайда, оны жар салып айтудың қажеті жоқ.

Кофехана иесі қандай кофені жақсы көреді?

Мен капучино кофесін қатты жақсы көремін. Әсіресе, жайлы бір жерге отырып, синабон тоқаштарымен ішкен…ммм… Сондай рахат!

"Монмарт" кофеханасы
«Монмарт» кофеханасы, ©szh.kz

Бизнес-ледиден кеңестер:

  • Ең бастысы қорықпау керек.
  • Екінші тәжірибелі кәсіпкерлермен танысып, солардан кеңес сұрау керек. Бәрібір ешкім бас тартпайды. Егер біреуі келіспесе, келесісі қуана-қуана білгенімен бөліседі. Егер менен бір жас кәсіпкер келіп кеңес сұраса, құрылғыларды қай жақтан алатынымды, қайдан оқитынымызды, кофехана ашу үшін қандай құжаттар керек екенін, қандай салық төлеу керек екенін, адамдармен келісім-шартты қалай дұрыс жасау керектігі туралы кеңестер бере аламын.
  • Есте сақтау қабілетіңізбен қанша жерден мақтансаңыз да жоспарды қағазға түсірген тиімді. Көп жазған сайын, көп іс бітіресіз.
  • Мемлекеттік бағдарламаларға құлақ түре жүру керек. Онда мүмкіндік көп.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Ербол Серікбай.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!