ІІМ: Қазақстанда есірткі қолданғандарға жаза жеңілдейді

Бұл туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов брифингіде мәлімдеді.

Есірткіні медициналық мақсаттан бөлек қолданғаны үшін жазаны жеңілдетуді, яғни есірткіні аз мөлшерде қолданатын және сақтайтын адамдарды қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартуды, прекурсорлар мен күшті заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін екі заң жобасы әзірленді, — деді Бақытжан Әмірханов.

Ол синтетикалық есірткінің таралуына қарсы тұру мәселесін де қозғады.

Қазір республикада президент пен үкіметтің тапсырмасына сәйкес есірткіге қарсы бірқатар іс-шара іске асырылып жатыр:

  • 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы әзірленді: шетелде өндірілген есірткілердің жеткізілуін, оларды тарату және ел ішінде өндіруді тоқтату, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту, сонымен қатар ішкі істер, денсаулық сақтау, сот сараптамасы органдарын және шекаралық өткізу пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар көзделген;
  • аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері заң жүзінде 1 грамға дейін (мефедрон, пировалерон және олардың аналогтары 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін) төмендетілді;
  • мұндай есірткілерді өткізу мақсатынсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді – қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі.