Басты бетҚоғамҚазақстан ауыр...

Қазақстан ауыр атлетикадан алтыншы алтынын қайтарып береді

22 наурызда спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтің допинг мәселесіне қатысты ісін қарап, Рио олимпиадасындағы алтын медалін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Атлет сегіз жылға спорттан да шеттетілді.

CAS Рахимов «рұқсат етілмеген әдіс арқылы допинг ережесін бұзған» деген шешімге келген.

Рахимовтің 8 жылдық шектеу жазасы 2021 жылдың 18 қаңтарынан басталады. Сонымен бірге 2016 жылғы 15 наурыз — 2021 жылғы қаңтар арасындағы нәтижесінің барлығы жойылады. Рахимов екінші рет допинг ережесін бұзған, сол себепті сегіз жылға спорттан аластатылды.

Әзербайжанда туып, Қазақстан азаматтығын алған атлет 2016 жылы тамызда Рио олимпиадасында 77 келіде чемпион атанған еді.

Былтыр 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мен Халықаралық допинг сынағы агенттігі (ITA) Нижат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, «несеп анализін ауыстырған» деген айып таққан. Осы айыптан соң Рахимов бірден жарыстардан шеттетілген. Ал IWF Спорттық арбитраж сотына шағым түсірген. Рахимов желіге видеолар жариялап, барлық айыпты жоққа шығарып келген.

Рахимов Рио олимпиадасында жұлқа көтеруде 165 келі, серпе көтеруде 214 келі (сол кездегі әлем рекорды), қос жаттығу бойынша 379 келі еңсеріп, олимпиада чемпионы атанған еді.

Қазақстан Рио олимпиадасында үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған. Енді Рахимов алтынын қайтарып берсе, Қазақстанның Рио олимпиадасындағы нәтижесі екі алтын, бес күміс, он қолаға өзгеріп, жалпы есепте 31-орынға сырғиды.

Қазақстан ауыр атлеттерінің допинг дауына байланысты олимпиаданың алтыншы алтынын қайтарып берді.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі — постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

«Қайта тексеру» кезінде Бейжің және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлеттер допинг қолданды деп айыпталып, жүлделерін қайтарып берген.

  • Илья Ильин 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мая Манеза Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Светлана Подобедова Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мария Грабовецкая Бейжің олимпиадасының қоласын қайтарып берді.
  • Бейжің мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ Ильин 2020 жылы Токио олимпиадасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген соң спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Токио олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленді.

Олимпиадада алтын алған атлеттер, оның ішінде Нижат Рахимов те бар, мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы, пәтер, автокөлік алған еді. Кейін олар допингпен ұсталған соң жұрт спортшылардан ақшаны қайтарып алуды талап еткен. Бірақ билік допингпен ұсталған спортшылардың сыйақысын қалдырған.