Жанерке Темірбекова әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде информатика мамандығы бойынша бакалавриат және магистратураны оқыған. Докторантураны есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша бітірген. Қазір осы университеттегі ақпараттық технологиялар факультеті информатика кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді.

– Жанерке ханым, білім және ғылым министрлігі 2022-2023 оқу жылынан бастап IT бағытына түскісі келетін талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнінен тест тапсырады деген шешім қабылдады. Бұл комбинация «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» және «Информатика мұғалімдерін даярлау» бағдарламасы бойынша білім алғысы келетіндерге қатысты. Осы салада білім беретін маман ретінде бұл өзгеріс қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Талапкерлер ҰБТ-да бейінді пән ретінде «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясы бойынша тест тапсырғаны дұрыс деп ойлаймын. ІТ факультетіне оқуға түсетін студенттің информатика пәні бойынша базалық білімі болғаны маңызды.

1 курста ІТ саласындағы мамандықтың көбінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні өтеді. Өзім дәріс беретін информатика кафедрасының студенттері көбіне қарапайым блок-схема, алгоритмнің не екенін білмей жатады. Мұндай базалық нәрсені мектептен үйреніп келсе, әрі қарай жедел ілгерілеуге мүмкіндік болар еді.

Мектеп қабырғасында информатика пәніне аса мән берілмейтінін байқаймыз. Информатика да  -математика, физика сияқты нақты ғылым. Қазір мектеп оқушыларына компьютерді, ондағы базалық бағдарламаларды қалай қолдану керегін үйретудің қажеті жоқ. Олар онсыз да бұл дағдыларды меңгерген. Сондықтан мектеп бағдарламасында компьютердің қаңқасы, функциялары мен алгоритмнен бастап, блок-схема, ақпараттық технологиялар процедурасы туралы ақпарат беруіміз керек. ҰБТ-ға осы тақырыптар бойынша дайындалып, ізденіп келген студентке университетте бағдарламау тілін, программа жазу сатысын бірден үйретуге болады.

– ІТ — бірнеше мамандық пен бағытты қамтитын ауқымды сала. Талапкер мамандық таңдағанда не нәрсеге мән беруі керек?

– Жалпы Қазақстанға кәсіптік бағдар беру ұйымы немесе арнайы орталық қажет деп есептеймін. Байқауымша, ІТ-ді таңдаған кей талапкер болашақта немен айналысатынын елестете алмайды. ІТ дегенде ойына компьютер мен хакерлік қана келеді.

Біздің факультеттің мамандары профориентация жұмыстарын жүргізеді. Жұмыстан тыс уақытта мектептерге барып, жоғары класс оқушыларымен кездесеміз, ІТ факультетіндегі мамандықтар туралы ақпарат береміз. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай шараны Қазақстанның бүкіл мектебінде өткізе алмаймыз.

Профориентация жұмыстарымен мектептерді аралағанда оқушылардан қай университетте, қандай мамандықта білім алғысы келетінін сұраймыз. «Қай жерден грант бұйырады, сонда оқимын», «Оқу процесі оңай университетке барғым келеді», «Көп ақша табатын мамандықты таңдаймын» деп жауап беретіндері бар. Мамандықты ата-анасы таңдап беретін түлектер де кездеседі. Кейбірі осындай стереотиптен аса алмай, оқуға түседі. Кейін өзін іздеп, депрессияға түседі. Арасында оқуды тастап кететіндері де бар. Әрине, ІТ туралы ізденіп, мамандықты нақты таңдап келетіндері де жоқ емес.

ІТ – ауқымды сала. ҚазҰУ-дағы ІТ факультеті информатика кафедрасының өзінде 4-5 мамандық бар. Әрқайсының қызмет көрсету саласы, оқыту бағдарламасы жасақталған. Мысалы «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» (ВТиПО) мамандығында компьютердің техникасы, технологиялық құрылғылармен жұмыс істеу принципі оқытылады. Информатиканың  өзі бірнеше мамандыққа бөлінеді. Жүйелік инженерия және компьютерлік инженерия мамандығы да бар.

– ІТ саласына сұраныс та, оған бөлінетін мемлекеттік грант саны да көп. Қазақстандағы 128 жоғары оқу орнының 80-і осы сала бойынша маман дайындайды екен. Жыл сайын IT мамандықтарын 15 мыңнан астам азамат бітіріп шығады. Оның тек 30%-і мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. ІТ саласына бөлінген мемлекеттік гранттың ақталмауы нені білдіреді?

Мемлекеттік грант бос жұмыс орындар санына қарай бөлінеді. ІТ саласын дамытуға тырысқанымыз, мемлекеттік грант көп бөлінгені, әрине, жақсы. Алайда бәсекенің болмауы, гранттың көбеюі білім сапасына әсер етеді. ІТ-дағы кей мамандықққа грантқа түсу үшін ҰБТ-дан 80-88 балл жинаса жеткілікті. Кейде бос грант үшін тапсыра салатындар кездеседі. Мақсатты түрде келмеген студенттер оқудан жалығып немесе процеске ілесе алмай университеттен шығып кетіп жатады.

Ақпараттық технологиялар факультетінде 1-2-курста студенттерге жалпы базалық білім беру жоспарланған. Тарих, шет тілдері, жоғары математика, математикалық анализ, информатика негіздері сияқты пәндер болады. Бұл кезең кей студентке ішпыстырарлық боп көрінуі мүмкін. Кейін 3-4 курста ІТ бағыты бойынша бөлінеді. Бұл кезеңде оқу процесі біраз қиындайды. Себебі бір ғана бағдарламалау тілін меңгеру үшін түрлі саладан базалық білімі болуы керек. Ал сұраныстағы ІТ маманы болу үшін бір ғана бағдарламалау тілін білу жеткіліксіз.

Жанерке Темірбекова
Жанерке Темірбекова. Фото жеке архивінен

– Қазір кез келген дағдыны, мамандықты тез әрі оңай үйрететін курс, марафон бар. Осындай инфобизнестің көмегімен аз уақытта «супер айтишник» болып шығу мүмкін бе?

– «Оқу инемен құдық қазғандай» дейміз ғой, IT де дәл солай. Бірақ жаһандану заманында ешкім инемен құдық қазып отырғысы келмейді. Студенттер алғашқы курста университеттен көп нәрсе күтеді. Теория оқығанда жалығып, тезірек ІТ әлеміне енгісі келеді. Түрлі курсқа қатысады. Курста бағдарламалаудың алғышарттарын меңгеруге болады, бірақ мықты іргетас қалау арқылы кейін бірнеше бағдарламалау тілін меңгеріп, үлкен жобамен айналыса алады.

Университет бағдарламасынан тыс қосымша білім алуға қарсы емеспін. Дәріс барысында пәнге қатысты тегін платформадағы курстарды студенттерге қосымша СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) ретінде беремін. Әсіресе, қашықтан білім беру кезінде осы әдіс тиімді болды. Студенттер университет бітіріп жұмысқа орналасатын кезде білігін дәлелдеу үшін түрлі курстан алған сертификатын көрсете алады. Алайда екі күнде «супер айтишник» жасау —  тек сиқыршының қолынан келетін нәрсе.

– Университеттердегі ІТ факультеттері туралы қоғамда түрлі пікір бар. Ең жиі естігеніміз – оқу қиын, практика аз, жазғы семестрге көп қалдырады, ІТ-маман университетте емес, компанияда қалыптасады.

Айтып отырғаныңыздың бәрін біз де күнделікті өмірде естіп, көріп, біліп жүрміз. Тіпті жастар өз арасында физтех (физика-техника факультет), химфак (химия факультеті), мехмат (механика-математика факультеті) – «үш тозақ» деп жатады. Нақты ғылым болғандықтан бұл салаларды меңгеру оңай емес. Студенттің білімін бағалау да нақты фактімен жүзеге асады. Есептеу амалы дұрыс болмаса, көздеген нәтижеге қол жеткізе алмайды, кодты қате жазса, жүйе қабылдамайды. Мұндайда студентке көтермелеп баға қою оқытушының қолынан келмейді. Сондықтан жазғы семестрге қалып, қайта оқып, жазғы семестр үшін ақша төлейтін студент көп.

Практика үшін көбірек лаборатория және заманауи құрылғылар қажет. Өзім ҚазҰУ-да магистратура оқығанда академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Португалияның Лиссабон қаласындағы ISEL университетіне оқуға бардым. 2013 жылдың өзінде ол жақта робот техникасы пәнін оқыдық. Үлкен лабораторияларда барлық құрылғы қолжетімді болды. Кейін докторантураға оқуға түстім, тағы да сол университетке барып, ғылыми зерттеу жүргіздім. ҚазҰУ-да ақпараттық технологиялар факультеті механика-математика факультетінен бөлініп шыққанына төрт жылдан асты. Әлі де лабораториялар жетіспейді. Факультетте суперкомпьютер (сверхЭВМ), микроконтроллер жоқ. Студент өзі көрмеген нәрсені зерттегенде көп уақыт жоғалтады. Студенттер теорияны оқып қана қоймай, қолмен ұстап, көзбен көріп, жүргізген есептеулерінің тәжірибе жүзінде дұрыс немесе дұрыс емес екенін тексеріп, көре алса, ісіміз ілгері басар еді.

Шетелдің білім беру жүйесінде мынадай ерекшелікті байқадым. Бакалавриат студенттері осы мамандық бойынша магистранттарға үй тапсырмасын тексертеді, ал магистранттардың жұмысын докторанттар қабылдайды. Осылайша әр буын идея, тәжірибесін бөлісіп, саланы бірге дамытады. Бізде әлі күнге дейін дәстүрлі білім берудің классикалық жүйесі сақталған. Қағазбастылық, тексеріс көп, бірақ ілгерілеу бар. Осыдан 10 жыл бұрын мен студент болғанда ІТ саласын зерттеу, тәжірибе жүргізу қиын еді, қазір көп ақпарат қолжетімді.

– ІТ мамандарының шет елге көшу тенденциясына қандай фактор әсер етеді? Табыс, тәжірибе, карьера, біз білмейтін тағы қандай себебі бар?

Бағдарламау тілі – әмбебап тіл. Кез келген елде, кез келген жерде жұмыс істей аласыз. Қазақстанда «Яндекс», Microsoft, Google, Samsung сияқты ірі компания жоқ. Мұндай алпауыт компаниялар ІТ-мамандарға тәжірибе, жақсы жалақы, карьера ұсына алады.

Қазақстан дамушы мемлекет болғандықтан, ІТ да даму кезеңінде. Кейінгі бесжылдықта біздің елде де болашағы мықты ІТ-компаниялар ашылып, жұмыс істеп жатыр. ІТ мамандарының айлығы Қазақстан экономикасындағы басқа мамандықтан жоғары, алайда дүниежүзі компанияларымен салыстырғанда төмен. Мысалы, елімізде ІТ маманының орташа айлығы 293 мың теңгеден басталып 800 мың теңгеге дейін барады. Ал дүниежүзінің танымал компанияларында айлық табыс 1 миллион теңгеден басталады.

ІТ – табысты сала. Алайда жоғары жалақы көп еңбекті талап ететінін ұмытпауымыз керек. Бізде оқу мен жұмыс процесі бірсарынды болып келеді. Оқу, зерттеу, байқап көру, дұрыс болмаса басынан бастау сияқты циклден тұрады. Бәріміз көп нәрсенің көзді ашып-жұмғанша болғанын қалайды. Оқуға келгендердің де көпшілігі «Тез үйреніп кетсем», «Тез байып кетсем», «Тез супер ІТ маманы болсам» деген оймен келеді.

Сұранысты да зерттей білген артық етпейді. Мысалы, Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін ақпараттық қауіпсіздік саласының әлсіз екені байқалды. Осы сала білікті мамандарға мұқтаж.

— Әңгімеңізге рақмет!