Бүгін біз шелпек пен бауырсақтың қамырын бірге илеп жасаймыз.
Оған қажет ингредиенттер:
- Ұн;
- Сүт;
- Су;
- Майонез;
- Шекер;
- Ашытқы;
- Тұз.
Ең әуелі бір кесе сүт пен жарты кесе суды үлкен табаққа құйыңыз. Сүт пен судың жылы болуы маңызды.
Кейін оған екі-үш ас қасық қант пен бір шай қасық тұз салыңыз.
Бір шай қасық ашытқы мен үш-төрт ас қасық майонез қосып, жақсылап араластырыңыз. Майонез болмаса, үш-төрт ас қасық күнбағыс майын қосуыңыз керек.
Мөлшеріне қарай ұн қосып, қамырдың иінін қандырып илеңіз.
Дайын болған қамырдың бетін жауып, жылы жерге бір-бір жарым сағатқа қойыңыз.
Содан кейін ашыған қамырды екіге бөлеміз. Оның бір жартысынан шелпек, екіншісінен бауырсақ әзірлейміз. Шелпекке арнаған қамырды 7 бөлікке бөліңіз.
Кейін әрқайсын оқтаумен жұқалап жайып, дөңгелек пішінге келтіреміз.
Табаға май құйып, оны қыздырыңыз. Кейін қызып тұрған майға жеті шелпекті қуырыңыз.
Шелпектің бір беті ашық сарғыш болғанда бірден екінші бетіне ауыстыру керек. Майда көп ұстасаңыз, шелпек қытырлақ болып қалады. Сол себепті жылдам әрі мұқият болу қажет.
Шелпек дайын болған соң бауырсақты пісіруге кірісеміз. Ең бірінші оның қамырын оқтаумен біркелкі етіп жайып алыңыз. Кейін өз қалауыңыз бойынша пішінін кесуіңізге болады.
Кесілген бауырсақтарды қызып тұрған майға пісіреміз.
Бәрі дайын! Шелпекті көрші-қолаңға немесе жақындарыңызға таратуыңызға болады. Асыңыз дәмді болсын!