Төменгі палатаның құзіретін кеңейту қажет. Елімізде көптеген ауқымды жоба, бағдарлама бар, бірақ түрлі себепке байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда есеп комитетінің орнына жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрғасы мәжіліс депутаттары алдында жылына 2 рет есеп беруге тиіс, — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осылайша мәжілістің мәртебесі арта түседі. Сонымен қатар президент азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн екенін айтты.
Мықты мәслихаттар өзекті мәселенің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын, — деді президент.