Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік, түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі, — деді Тоқаев парламенттің бірлескен отырысында.
Оның айтуынша, сол үшін қылмыскерлер, қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрған.
Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты, — деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, лаңкестер мемлекеттік органдар мен стратегиялық нысандарға шабуыл жасады. Ал билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.
Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді, — деді Тоқаев.