«Қазақ киносы қайда барады?» — баспасөзге шолу

***

«Жаңақала — малды өңір. Біз таяуда қыс кезіндегі қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған өңір малшыларының жай-күйімен танысып қайтқан едік. Осы сапардан көрген-білген, ұққан-түйген мәселелерімізді газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік… Шабындық тапшылық етсе де, қысқа толық қамданысы барын біліп, Тілеген Мусин отырған Базарқұдық қыстағына бет алдық. Өйткені, бұл шаруа қожалығы да асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, іскерлігімен таныла бастаған, аудан мақтанышы болған шаруашылық еді. Мұнда қазір герефорд та, абердин-ангус та өсіріледі. Оның үстіне жаңашыл шаруа ауданда алғашқы болып биыл Қонақай қыстағына алты күн батареясын орнатып, электр энергиясын алуды жаңа технологиямен шешіп еді. Енді Базарқұдыққа да күн көзінен қуат өндіретін он төрт батарея орнатқан екен. Сондықтан әрі текті малдардың жағдайын білуді, әрі электр энергиясымен қамтып тұрған күн батареяларын көзбен көруді мақсат еттік»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

 — Мұнда 14 күн батареясын қондыртып алдым. Тұманды күн ұласып кетпесе шаруамызға қажетті электр энергиясын еркін береді, — дейді Тілеген жаңа технологияның игілігін көргеніне ризашылығын жасырмай.

Базарқұдықта электр жарығы самаладай жарқырап тұр. Телефон байланысы да мінсіз. Малдары қоңды. Жұмыс қолы мол. Қысқа сыр алдырар емес. Бұл жайында «Электр қуатын күн батареясынан алып отыр»деген мақалада толық жазылған.

Бас басылымда «Операның Отанын мойындатып қайтты» атта мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.

«Ескі жыл есігімізден шығып, жаңа жыл босағамыздан аттаған уақытта еліміздің мәртебесін мәдениет саласында бір саты жоғарылатып қайтқан «Астана Опера» театры солистерінің жетістіктерін жеткізбесек, ұлттық сипатымызға сын болары сөзсіз. Біздің әртістер төрт күн бойы операның Отаны саналатын Италиядағы Карло Феличе театрының сахнасында Дж. Пуччинидің «Богема» операсының тұсаукесерінде өнер көрсетті. Осыған орай кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өткен болатын. Төрт күнге созылған операда Мими партиясын Айгүл Ниязова, Рудольфті Медет Шотабаев, Мюзеттаны Салтанат Ахметова, Марсельді Талғат Мұсабаев, Шонарды Евгений Чайников, Колленді Артұр Қайыпқұлов, ал екінші қаңтарда «Астана Опера» солистерімен Мимиді италиялық сопрано Серена Гамбертони, Рудольфті Леонардо Каими орындағанын естеріңізге саламыз»,-деп жазады газет.

«II Sole 24 Ore Domenica» газетінің тілшісі қазақстандық жас труппаға, әртістер еуропалық операға шығыс лебін қосты деп баға берді. «Этторе Сколаның қойылымына толығымен қазақстандық әншілерден тұратын құрамның табыс әкелгені сөзсіз. Опера сахнасының жұлдызы — Айгүл Ниязова (Мими) өз партиясын тамаша меңгергенін паш етті. Медет Шотабаев (Рудольф) жоғары нотаны жас кезіндегі Паваротти орындағандай алды. Әсіресе, Салтанат Ахметованың тамаша орындауындағы Мюзетта ерекше ұнады, оның сыңғырлаған, жарқын тембрі таңдай қақтырады. Шонардың партиясын сомдаған Евгений Чайниковтің дауысында батысқа тән реңк бар», — делінген 2016 жылғы 3 қаңтардағы мақалада.

***

«Ауылдық жерлерде жұмыспен қамту саясатын белсенді жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлескен түрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын іске асыруды бастады»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ауыл тұрғындарын жұмысқа тартады» атты мақаласында.

Осыған орай Шымкентте «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті.Оңтүстікте 2014 жылы бастауын алған мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарлама енді республика бойынша жалғасады. Бұл бастаманы «Нұр Отан» партиясы мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлесіп жүзеге асырады.

Ауыл тұрғындарына 6 млн теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмен пайызбен шағын несие беру жөніндегі партия ұсынысын үкімет қолдады. Тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобаның қаржыландырылуы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Шағын тауарлық өндірісті дамытуға қаражат бөлу жөніндегі меморандум 5 пилоттық өңір — Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен жасалды.

Осы басылымда «Қазақ киносы қайда барады?» деген тақырыппен кинодраматург, Т. Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубаевтың көлемді мақаласы жарық көрді.

«Бұл саладағы әлемдік практика нені көрсетеді? Мысалы, өз прокатында Америка киносының «басқыншылығына» төтеп бере алмаған Франция не істеді? Француз киносын салықтан босатып, кинотеатрларда жүретін шетелдік фильмдерге салық салды. Ол салықтан түскен қаржыны француз киносын дамытуға жұмсайды. 17 миллион халқы бар Қазақстан 70 миллион халқы бар Франция емес. Өйткені прокаттағы кино табысы алдымен елдегі халық санына тәуелді. Халық саны аз Қазақстанда қазақ киносы өз шығынын өзі өтеуі қиынның-қиыны. Сонда, бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Бұл тығырықтан шығар жол: бір-біріне беттеген екі жақты қозғалысты қажет етеді. Бірінші қозғалыс — бұл әрине, тұрақты мемлекеттік субсидия. Екінші қозғалыс — мемлекеттік киностудия «Қазақфильм» прокатта өз шығынын өзі өтейтін, өтеп қана қоймай, табыс әкелетін фильмдер өндіруге бет бұруға тиіс. Кинодраматургтер, режиссерлер, продюсерлер осы бағытта жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанда енді қалыптасып келе жатқан жекеменшік студиялар осы бағытта жұмыс істей бастады. Табыс әкелетін туындылар жасауға күш сала бастады. Өйтпеген күнде бұл студиялар өз-өзінен өмір сүруін тоқтатар еді»,-дейді ғалым. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, кино саласына егжей-тегжей талдау жасалған осы мақаланы оқып шығыңыз.

 ***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Кеңестік атаулардан қашан арыламыз?» атты мақала жарияланды. «Сеславинский деген кім? Рыбалко деген ше? Ал Кошевой туралы не білесіздер? Иә, Сеславинскийді қайдам, өмірімде естіп көрмеген адамым, ал кейінгі екеуі қателеспесем, кеңестік кезеңнің батырлары ғой деймін. Сонда дейміз ғой, осы Кеңес заманының қаһармандарын, яғни коммунисттік идеяның күрескерлерін мәңгі пір тұтып, құрмет көрсететіндей біздің қазақ үшін аса зор тұлғалар ма еді?! Соны түсіне алмадым. Оңтүстікке жолыңыз түсе қалса, әсіресе Түлкібас өңіріне, аудан ішіндегі жол бойында орналасқан мектептерді көрмей өтуіңіз мүмкін емес. Күрделі жөндеуден өткен, сырланып әрленген дегендей, ғимараттары көз тартарлық. Бәрі керемет. Талапқа сай. Бірақ атауларына келгенде құдды бір Кеңес заманы қайта айналып келгендей әсерде болады екенсің. Кошевой, Рыбалко, Шевцова… тағы қайсысы бар еді. Сеславинский…Осылай кете береді»,-деп жазады мақала авторы.

Автордың пайымынша, білім мекемелері мен киелі ошақтарға берілетін есімдерге келгенде асығыстыққа салынбай, ой елегінен өткізіп барып ұлттық мүдде, елдік көзқарас тұрғысынан шешім қабылдаған дұрыс, ал қазаққа мүлде жат есімдер мен кейінгі жас буынның іліп аларлық үлгісі жоқ тарихи тұлғалардың аттарын сол қалпында қалдыра бермей, өзгертетін кез әлдеқашан жеткен. Мұндай әлеуметтік мәнге ие келеңсіз жағдайлар тек оңтүстікте ғана десек, дұрыс болмас. Бұл барлық аймақта кездесіп жататын жайт. Аталмыш мәселені жергілікті жердегі әкімдердің немесе білім беру саласындағы басшылардың құзыретіндегі міндет демей, жалпыға ортақ мәселе деп қараған жөн. Сөз соңында мына бір жайтқа назар аудармай кеткен тағы болмас. Мектептер, яғни жалпы білім беретін мекемелер халық пен мемлекеттің болмысын танытатын әрі тағдырын шешетін қуатты күш деп қараған дұрыс. Елде жеті мыңнан астам әр деңгейдегі білім мекемелері бар болса, сол білім ошақтарынан елдің болмысы, келбеті көрініп тұруы қажет. Рухани ажары менмұндалап тұрғаны абзал. Ал кеңестік кезеңнен елес беретін, коммунисттік көзқарасты таңатын атаулардан арылмасақ, елдігімізге сын болып қала береді.

Дереккөзinform.kz