Зейнеткер-педагог, таңбатанушы Мұрат Ақмырзаев бұл мейрамды Қазақстанның батысы ғана емес, бүкіл түркі жұрты тойлаған деген болжам айтып отыр.
«Менің ойымша, мейрамның пайда болуы, қалыптасуы дәл осы батыста өткен сияқты. Өркениетті Майя мемлекетінде тасқа салынған суреттерден осы мейрамның көріністерін байқауға болады. Олар да наурыз айының ішінде өткізген. Негізінен бұл мейрамның аты «көрісу» емес, «амал» деп аталады. Амал — күнделікті іс-әрекетіміз.
Қазақ бұл мейрамда «Амалың оң болсын», «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады. Өйткені бұрынырақта жер көгеріп, мал төлдей бастайтын осы айды жылдың басы деп есептеген. Бірінші амал — 13 наурызда қара шаңырақтағы кездесу. Отауы бөлек, үйленген, күйеуге шыққан ұл-қыздар, нағашы-жиен, құда-жекжат сыйлы адамның үйінде бас қосқан. Жылға қорытынды жасаған, келесі жылы істейтін жоспарларын ақылдасып, келіскен. Келесі амал — көрісу. Неге көріскен дегенге келсек, адамның бәрі 14 наурызда туады, «13-не туған бала 14-інде бірге толды» деп есептеген. Бәрінің туған күні бір күнге белгіленгеннен кейін іздеп келу, көрісу әдетке, салтқа айналған. Амалда көріспеген адамды кінәлаған. Қазақтың жері ұлан-ғайыр ғой, көрісуге 3 күн уақыт берілген.
Жас кезімізде үйдің үлкендері дәл осы күні 06.00-ден бастап оятып жіберетін. Сөйтіп мектепке жеткенше 40 үйдің есігін ашып, үлкеніне көрісіңдер, ал кішісі сендерге көріссін дейтін. Неге 40 үй десек, қазақта «қырықтың бірі Қыдыр» деген сөз бар. Қазақ Қыдыр сәттілік пен бақ әкелуші деп түсінген. Күнделікті өмірімізде кездесетін адамдардың арасында Қыдыр болуы мүмкін. Одан сый алу үшін кез келген адамға, оның мәртебесі мен байлығына, киіміне, сыртқы келбетіне қарамай, құрмет көрсету керек. Өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін деп түйген. Қазақ көрісу амалынан кейінгі күндерді «бесқонақ» деп атаған. Бесқонақ деп аталатын себебі 5 күнде бүкіл жылдың мінез-құлқы қалай болатынын Жаратқан түсінетін адамға белгі етіп, нәсіп етеді.
17 наурыз — «көктем қонақ», 18-і — «жаз қонақ», 19-ы — «күз қонақ», 20-ы — «қыс қонақ», ал бесінші қонақ — жылдың сипаты. Табиғатты түсініп, онымен үндес өмір сүретін халықтың ұлылары, жұлдызшылары, жауырыншылары осы бесқонақты қарсы алып, оның әр сағатын бақылауына алған. 21 наурызда үлкен кездесу жасап, қорытынды жасаған. Жыл қандай болады деген сұраққа әркім өзінің түйгенін айтып, жауап береді. Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін жайлау уақытын белгілеген. Енші алып кеткен баланың малы бөлек болған, сол себепті көші бөлек жүруге тиіс. Қазақ даласында 25 шақырым сайын құдықтар болған. Құдыққа бір-бірініне бөгет жасамай қалай түсуге болатынын нақтылаған. Осы сұрақтың бәріне жауап 21 наурызда табылған. 22 наурызда ұлы той жасаған. Бұл — өнер тойы, фестиваль әрі жауынгерлікті, айлакерлікті меңгеруді сынайтын той».
Ал этнограф Болат Бопайдың сөзінше, Қазақстанның батысындағы қазақтардың көрісу күні деп тойлап жүрген амал мерекесі — күн мен түн теңелгенге дейінгі дайындық.
«Көк құт көзін ашқан күннен бастап адамға да, жан-жануарларға да, тұтас табиғат, жаратылыс дүниесіне де жақсылық жаршы болады деген ырымның салт пен дәстүрге айналған мерекесі. Бағзы заманда бұл осылай жалғасқан. Кейін көп өңірде ұмыт болғанымен батыстағы қазақтар бұл дәстүрді өте жақсы сақтаған. Жеті күнді «көрісу күні», «тағзым күні», «бұлақ көзін ашу», «кешірім күні», «сый жасау күні», «береке, сауық күні» деп әртүрлі тақырыппен өткізіп, 22 наурызға жеткенше той-думанмен өткізген.
Наурызға дейін ескі-құсқы заттарды, жыртық киімдерді, сынған, жарылған бұйымдарды өртеп, жаңаға ұмтылады. Жылдар бойы көрісе алмай жүрген ағайын-туыс бас қосып, құшақ жайып көріседі. Реніш, өкпе-наз ұмтылады, бірінен бірі кешірім сұрайды. Ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқайды. Кейінгі кезде «Бұл — Қазақстанның батысындағы өңірлердің мерекесі» дегенді құлағым шалып қалады. Бұл бүкіл қазақ халқына тән ортақ мереке деуге болады. Мереке бір күн ғана болмайды ғой. Наурыз — бір айға жалғасатын салт пен дәстүрге толы мейрам. Мұны наурызкөже, тілеукөже ішіп қана өткізбейді.
Наурыз — бата, амандасу, көрісу, кешірім сұрау, ойын-сауық, сый-сыяпат жасау, ат ойындары, ақындар айтысы, балуан салу, жамбы ату, арқан тарту, көкпар, бастаңғы, базарлық, бәйге. Толып жатқан ұлттық дәстүрімізді жаңғыртатын мереке. Осы арқылы елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеруге, мемлекеттің тұтастығын сақтауға, басқа ұлт пен ұлысқа қазақтың дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихын танытуға болады. Тоқ етерін айтқанда, қазақ халқы наурызды 14 наурыздан бастап тойласа, жақсы болар еді».