І топ мүгедегі Ралан Бименов Қызылордадан осы жиынға қатысуға арнайы келген. Оның айтуына қарағанда, мемлекет мүгедектігі бар азаматтарға дұрыс көңіл бөлмей отыр.
Алматыға келе жатқанда Қызылорда облысындағы мүгедектігі бар азаматтардың қандай мәселелері бар екенін сұрадым. Олар төсек тартып жатқан адамға күніне тек екі памперс (жөргек) беретінін айтты. Менің 1,5 жасар қызым күніне 6 жөргек қолданады. Өздеріңіз салыстырып көріңіздер. Екінші мәселе — арбаға таңылғандарға 5 жылда бір рет қана жаңа арба береді. Соның өзінде қалағанын ала алмайды. Мысалы, бір танысым сыртта жүруге арналған арба сұраған, бірақ оған тек үйде қолдануға болатын түрін берген, — дейді Ралан.
Бұған қоса, Ралан мүгедектігі бар азаматтардың жеке мәліметтерін әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлері рұқсатсыз пайдаланып жүргенін айтты.
Электрон цифрлық қолтаңбамыз арқылы сайтқа кіріп, бізге қажет заттарды өздері таңдайды, ал бізге таңдауға мүмкіндік жоқ. Үйімізге поштамен зат келіп тұрғанда біліп жатамыз, — дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда 2 миллионға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады. Ал мемлекет беретін жәрдемақы олардың күн-көрісіне жетпейді. Жиналғандар инфляцияны ескеріп, мүгедектерге және олардың күтушілеріне берілетін жәрдемақыны көтеруді талап етті.
ІІІ топ мүгедектері 37 мың теңге алады. Осы жылы жәрдемақыны 5% көтеріпті. Қалай есептегенін түсінбейміз. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады? Біз бұл мәселені талай рет көтеріп, өтініш жаздық. «Мемлекетте ақша жоқ» деген жауап алдық. Мүгедектігі бар адам дәрі-дәрмек алуы, емделуі керек. Ал девальвация салдарынан оның бәрі өте қымбат. Елдегі ең төмен жалақының 60 мың теңге болғанын ескеріп, жәрдемақыны 41% көтеруді талап етеміз, — деді ұйымдастырушылардың бірі Руслан Тайыпов.
Жиналғандар сонымен бірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмысын дұрыс істемей отырғанын, осы себепті отставкаға кетуі керек екенін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов «мүгедектер жұмыс істесін» деді, бірақ ол І топ мүгедектері еңбекке жарамсыз екенін ескермеді. Сонда олар қайтпек? Мұндай мәлімдеме жасаған министр қалайша біздің құқығымызды қорғай алады? — деді ұйымдастырушы.
Сонымен бірге митингіге қатысқандар инватаксиді республикалық бюджеттен қаржыландыруды, мүгедектерге пәтер беруді, ірі қалаларда жатақхана салуды, олар жұмыс істейтін ұйымдарды мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуді сұрады.