Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, бағдарлама жобасын әзірледі. Талдау нәтижелері бойынша тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-тен 2021 жылы 2,9%-ке дейін баяулағаны айқындалды, — деді министр.
Сонымен қатар ол халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалатындығын айтады.
Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8%-тік тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі керісінше, 10%-тік тармаққа өсті. Жүргізілген талдауды ескере отырып, халықтың табысын арттыру бағдарламасында мына басымдықтар белгіленді: жұмысшы жастар; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру; бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы; еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою; ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру; кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру; табыстың сатып алу қабілетін қорғау, — деді Әлібек Қуантыров.
Бағдарлама 80 іс-шарадан тұрады. Олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысының артуы; кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру; сатып алу қабілетін қорғау.