Басты бетҚоғамТоқаев Ресейге...

Тоқаев Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсерін талдауды тапсырды

Жиын геосаяси жағдайдың Қазақстанға тигізетін кесіріне төтеп беруге бағытталған қажетті шаралар топтамасын талқылаудан басталды.

Президенттің айтуынша, үкімет құрған дағдарысқа қарсы шараларды үйлестірудің жедел штабы Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанның экономикалық салаларына тигізетін әсерін жан-жақты талдауға, жағдайдың қалай өрбитініне қарап шара қабылдауға, сондымен бірге  алдағы іс-қимылдардың бірыңғай жоспарын жасауға тиіс. Мемлекет басшысы үкіметті бұл бағытта шұғыл әрекет етуге және бизнес қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық талдау негізінде кәсіпорындарды, қажет болған жағдайда, халықтың жекелеген топтарын қолдау шараларының топтамасын дайындауды тапсырды. Сонымен бірге биылғы республикалық бюджет қайта қаралды.

Президент үкіметке, инвесторлық қоғамдастықпен бірлесіп, халықаралық салық және трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар отырыста инвестициялық саясаттың жаңа тәсілдерін қалыптастыру мәселесі қарастырылды. Инвестициялық саясат тұжырымдамасы аясында инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту, жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің артуына ықпал ету және баға белгілеудің жаһандық тізбегін терең интеграциялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.