Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Асхат Ержановтың мәліметінше, «Nasar Solusion» ЖШС-нің қалдықтарды басқару кешенінің аумағында мұнай қалдықтары жанған.
Бұл серіктестіктің қалдықтарды басқару кешені жоғары тәуекелі бар деңгейге жатады. Сол себептен, былтырғы қыркүйекте серіктестікке тексеру жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны анықталды. Соған байланысты заңды тұлға жауапкершілікке тартылды,- деді Асхат Ержанов.
Ал 1 наурызда болған өрттің салдарынан «Car» маркалы 1 жүк көтергіш техника, 20 контейнер, 70 пластмасса ыдыс (1 тонна), сонымен қатар 60 металл бөшке (200 литр) жанып кетті.
Жалын шарпыған аумақ 2 800 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 16:40-та басталған. Оқиға орнына алдымен «Теңізшевройл» ЖШС-нің өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінен 17 қызметкері мен 4 техникасы, «COCR» ЖШС-нен 6 қызметкер мен 2 техника жетті. Кейін сағат 18:58-де Жылыой ауданының орталығы – Құлсарының №9 өрт сөндіру бөлімінен 12 қызметкер мен 2 техника қосылды. Өрттің болжамды себебі – отты абайсыз қолдану, — деді Асхат Ержанов.
Оның айтуынша, аталған нысан биылғы жылдың екінші тоқсанында ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне енгізіледі.
Еске салайық, Теңіз кен орнында мердігер мекеменің цехында өрт шығып, 15 қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланған болатын.