1. Ертеңгі күннің жоспарын БҮГІН кешке жазыңыз

Егер таңертең жұмысқа келгенде бірінші неден бастауды білмесеңіз, әр нәрсеге бір мойын бұрып, ісіңіздің берекесі қашуы мүмкін. Сондықтан ертеңгі күннің жоспарын бір күн бұрын, кешке жасап қойған дұрыс.

Ең маңызды жұмыстарды жұлдызшамен белгілеп қоюға болады. Олардың әрқайсысына шамамен қанша уақытыңыз кететінін болжап, бүгін қанша істі бітіре алатыныңызды анықтаңыз. Арасына үзіліс уақыттарын да қосуды ұмытпаңыз.

2. Күніңізді электронды почта тексеруден бастаМАңыз

Жұмысқа келе салып, электронды почта тексерсеңіз, бүгінгі жоспарды уақытында аяқтау мүмкіндігі азая түспек. Сондықтан бірден тізімдегі істен бастаңыз. Ал, почта үшін күніне екі рет сағат 11.00 мен 15.00-де жарты сағаттан бөлуге болады.

Ал егер хабарламалар мен қоңырауларға, хаттарға жауап беруге уақытыңыз болмаса, көңіліңіз бөлінбеуі үшін телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз.

3. Бірден ҚИЫНынан бастаңыз

Біз әдетте барлығын жеңілден бастағанды дұрыс санаймыз. Машина сияқты өз-өзімізді «қыздырып» алмасақ, іс дұрыс жүрмейтіндей көрінеді. Алайда, қиын істі кейінге шегере беру миға қосымша жүк түсіреді: алда едәуір қиын істі атқару керек екеніңіз есіңізге түссе, алаңдап, қазіргі жеңіл істерден де қате жіберуіңіз мүмкін. Сондықтан бірден қиынынан бастаңыз. Біріншіден, күш-қайратыңыз көп кезде оны істеу оңай болмақ, екіншіден, қиын істі тындырғанда өзіңізге деген ризашылығыңыз артып, қалған ұсақ-түйек шаруаларды оңай бітіресіз.

4. Жиналыстағы уақытыңызды ҮНЕМдеңіз

Егер мүмкіндігіңіз болса, жиналысқа тек маңызды, қатысуы тиіс адамдарды ғана шақырыңыз. Айтатыныңызды алдын ала ойша жинақтап алыңыз. Ауызша түсіндіруге уақыт жұмсамаңыз. Тапсырманы жазбаша түрде берген тиімді.

5. Өзіңізді СЕРГІТІП отырыңыз

Адам қолынан іс келмей жатса, еңсесі түсе беретіні анық. Ондай кезде өзіңізді сергітіп, қолыңыздан келетініне сеніңіз. Себебі сіз оған дейін де осындай істің бірнешеуін тындырғансыз. Бұл да қолыңыздан келеді.

6. ҮЗІЛІС жасап тұрыңыз

Әрине, жұмыс күнінің өнімді болғаны бәріне жақсы. Кейде соны ойлап, үзіліс жасауды ұмытып кетеміз. Алайда, күннің өніміді болуы үшін де үзіліс жасап тұру керек. Ол миыңызды тынықтырып, жаңа іске жаңа күшпен кірісуге көмектеседі.

Ол үшін 25 минут жұмыс істеп, 5 минут демалатын Pomodoro әдісін қолдануға кеңес береміз. Есіңізде болсын, үзіліс жасау — әлеуметтік желілерге кіру емес!

7. Жұмыс соңында кешегі тізімді ЛАҚТЫРЫП тастаңыз

Бүгін істеймін деп кеше кешке жоспарлаған тізімді жұмыс соңында лақтырып тастау керек. Егер онда аяқталмаған жұмыс болса, оны жаңа тізімге жазыңыз. Ескі жоспарларды ондағы істелмеген істер үшін сақтап жүру — жүйкеге қосымша жүк.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!