Оның ойынша, екі ел келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға тиіс, басқа жол жоқ. Өйткені бейбітшілік болмаса, дамуда болмайды.
Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді мемлекет басшысы Nur otan партиясының кезектен тыс съездінде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса, делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрін көрсетуге дайын.
Мен қауіпсіздік кеңесінің бірқатар отырысын өткіздім. Санкциялық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді президент.