Құрметті партияластар! Ең алдымен баршаңызды бүгінгі алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл — өзара тілектестікті, жанашырлықты қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылығымды білдіремін, — деді мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Мемлекет басшысы ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар екендігін атап өтті.
1 наурыз — партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көп бастама көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.