Ұлттық банк төрағасы теңгеге қатысты жағдайға пікір білдірді

Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялар салынуы біздің экономикамызға да әсер етіп жатыр. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанның қаржы нарығына қысым күшейіп отыр. Сыртқы күйзелістің жағымсыз салдарын барынша азайту мақсатында ұлттық банк инфляцияның өсу тәуекелдерін азайтуға, теңге жинақтарын қорғауға және елдің алтын-валюта резервтерін ұтымды пайдалануға бағытталған кешенді шараларды жүргізіп жатыр, — деді ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк басшысы теңгеге қатысты жағдайға ден қою туралы айтты.

24 ақпанда ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-ке дейін көтеру туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валютаға қысым мен инфляцияны төмендетуге, сонымен қатар теңге активтерінің сақталуына бағытталған, — деді Ғалымжан Пірматов.

Ғалымжан Пірматов ұлттық банк оқиғаларды бақылап, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалайтынын айтты.

26 және 27 ақпанда АҚШ пен Еуропа елдері ресейлік жекелеген банктерді SWIFT жүйесінен ажырату және Ресей орталық банкінің активтерін бұғаттау арқылы ресейлік қаржы секторына қарсы бұрын-соңды болмаған шектеу шараларының жаңа пакетін жариялады. Шектеу әсерін барынша азайту үшін Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралардың келесі кезеңін жүзеге асыруға кірісті, — деді ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, үкімет пен ұлттық банк теңгелік салымдарды қолдау бағдарламасын іске асырады.