Оларды Қазақстанның Польшадағы консулдығының өкілдері күтіп алды. Әзірше шекарадан нақты қанша адамның өткені белгісіз.
Консулдық кеше Қазақстанның 49 азаматы мінген автобус пен Львовтағы 46 қазақстандық мінген тағы бір автобустың шекарада кезек күтіп тұрғанын хабарлаған еді. Киевтен аттанған тағы 79 жерлесіміз Польша шекарасына жеткен. Ал Киевтегі елшілік тағы 60 адамды елге аттандыруға әрекеттеніп жатқанын хабарлаған.
Қазіргі таңда Украина мен Польшаның шекарасын жоспарланған репатриациялық рейстің жарты жолаушысы кесіп өтті. Енді тағы екі автобус Украинада тұр. Шекарадан өту кезегін күтіп отыр. Толығымен жеткізілгеннен кейін Катовице әуежайынан Air Astana әуе компаниясының репатриациялық рейсі біздің азаматтарды елге алып қайтады, — деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Әзірше Украина мен Польша арасындағы жол кептелісінде Қазақстанның қанша азаматы тұрғаны, Польшаға нақты қай уақытта жететіні белгісіз. Белгілісі — бір ұшаққа мінетіндей адам жиналған кезде Польшаның Катовице әуежайына жеткізіледі. Ол жерден Air Astana бортымен Қазақстанға ұшып келуге тиіс.