Baimly мобайл қолданбасының авторы, репетитор Ерік Ахмет архитектура мамандығын бітірген, бірақ математикадан репетитор болып жұмыс істеп жүр. Педагогика саласын толық меңгеру үшін биыл магистратураға оқуға түсіпті, Ерік сол себепті министрдің бұл ұсынысын жақсы қабылдаған.
Жаңалықты естіген кезде өте қатты қуандым. Бұл бағдарламаны іске қосса, осы курсты да оқып алсам ба деген ойым бар. Жақында кластасым екеуіміз министрдің осы ұсынысын талқылаған едік. Ол физиканы жақсы біледі, бірақ сабақ бере алмай жүр. Сондықтан бұл бастама мұғалім болғысы келетін азаматтарға мүмкіндік дер едім, бірақ маманның білімін шынайы анықтайтын тест керек деп ойлаймын. Сол сынақтан кейін оның пәнді қалай меңгергені бірден көзге көрінеді, − дейді ол.
Ерік Ахмет Түркістан облысына қарасты Кентаудағы «Дарын» мектеп-интернатын бітіріпті. Ол білім алған мектеп математика мен физика пәні тереңдетіп оқытқан, бірақ өзі ҰБТ-да химия пәнін таңдаған. Ерік қазір математикадан репетитор болып та ақша тауып жүр.
Ең алғаш Түркістандағы мектептердің бірімен келісімге келдім. Бір класты түгелдей алып, ақылы жұмыс істедік. Содан бері математикадан қосымша сабақ беріп, оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүрмін. Қазір өзімнің жеке мобайл платформам бар. Онда мыңнан астам оқушы есеп шығаруды қашықтан үйренеді. Шәкірттердің ізденісі, тестілеуден жинаған балы қуантады. Әсіресе, олар алғыс айтқанда төбем көкке жеткендей болады. Сондықтан педагогиканы таңдадым. Табыс жағына келсек, мектепте көп жыл еңбек өтілі бар, сағаты көп мұғалімге қарағанда, кірісім 4-5 есе көп деп айта аламын. Биылдан бастап заңды тұлға ретінде тіркеліп, жобаны бастадым, − дейді Ерік Ахмет.
Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Абдулла Розыбакиев атындағы орта мектеп директоры Суджата Имиршаева бұл жобаның әуелі нақты механизмдері жасалуға тиіс екенін айтты.
Қазіргі уақытта білім саласында көп проблема болып жатыр. Соның ең өзектісі – кадр тапшылығы. Сол себепті министрлік бұл мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Дегенмен солай екен деп «көлденең көк аттыны» білім саласына әкелуге тағы болмайды. Сондықтан әуелі мұның нақты механизмдері жасалуға тиіс. Нақты бір саланы жан-жақты меңгерген, алайда жұмыс жоқтығынан бизнеске кеткен азаматтар аз емес. Соларды да педагогикаға бейімдеп, бағыт-бағдар беріп, ауыл мектептеріне орналастырса, дұрыс болар едіі, − дейді Суджата Имиршаева.
Математика пәнінің мұғалімі Бекарыс Дәулетбай да педагогиканы, оның әдістемесін меңгермеген маманның мектепте сабақ беруі бойынша екі түрлі көзқараста екен.
Химия пәнінің мұғалімі биологиядан қосымша курс оқып, сабақ берсе, онда сөз басқа. Себебі бұл екеуі – ұқсас пәндер. Кейінгі кезде педагог болуға ұмтылатын жастардың қарасы көбейіп жатыр. Оның орнына жоғары оқу орындарының оқытушыларын мектептерге тартып, бейімдеген жөн деп есептеймін. Сосын қазір жастар педагог мамандығын бітіргенімен, мұғалімнің мектептегі жүктемесінен қашады. Себебі әлі де қағазбастылық жойылар емес, – дейді ұстаз.