Мемлекет басшысы қаңтардағы мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Ол кадрлық әлеуеттің төмендігі, тапсырманы орындаудағы формализм, сыбайлас жемқорлық, кадрлардың тұрақтамауы, жаппай бюракратияның орын алуы және шенеуніктер мен халықтың арасындағы байланыстың төмендігі. Қоғам мемлекеттік қызметкер дегенде өз ісіне адал, елге жанашыр адамды көргісі келеді. Агенттік барлық мемлекеттік қызметті түбегейлі ретке келтіру бойынша ауқымды жұмыс атқаруы тиіс, — деді Дархан Жазықбаев агенттіктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның айтуынша, алда кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметке кіру үшін артық тосқауылдарды алып тастау міндеті тұр.
Осыған байланысты іріктеу жүйесі жеңілдеп, мемлекеттік қызмет барлығына қолжетімді болады. Бұған қоса, мемлекеттік қызметтен «шығу» тәртібі жеңілдейді. Қазіргі уақытта жұмыстан босату үшін қызметші қатарынан 2 жыл қанағаттанарлықсыз деп бағалануы қажет екенін білесіздер. Қызметін бағалау қорытындылары бойынша жұмысын төмен атқарған деп саналатын қызметкерлерді жұмыстан босатуға тезірек мүмкіндік беретін ережелер қалыптастыруымыз қажет деп санаймын, — дейді ол.
Одан бөлек, агенттік басшысы мемлекеттік қызметке қабылдау мен қызметтік саты бойынша өсуде меритократия қағидатына сүйену керектігін айтты.
Елімізде көптеген таланттардың бары ешкімге құпия емес. Әртүрлі себептерге байланысты, көбінесе олар беймәлім қалып жатады. Біздің міндет – елге қызмет еткісі келетін, ынта-талабы бар азаматтарға мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруға мүмкіндік тудыру. Бұл үшін президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізу жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта, жастар мен мемлекеттік қызметшілер арасынан таланттарды анықтау үшін түрлі хакатондар мен тақырыптар бойынша конкурстар өткізу мәселесі пысықталады, — деді Дархан Жазықбаев.