«Самұрық-Қазына» төрт басқарушы директорын тағайындады

«Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Ернар Жанәділ тағайындалды. Ол ең алдымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Air Astana акционерлік қоғамы, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы меншігіндегі үлесін жекешелендіру бағдарламасын іске асыруға жауапты болады. Жуық арада бұл активтерді Қазақстан халқына қолжетімді болатын ІРО-ға шығару көзделіп отыр. Бұдан қоса, Ернар Жанәділге елімізге инвестициялар тартуды жалғастыру міндеті қойылды. Ол президенттің жастар кадр резервінің мүшесі.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы активтерді басқару және стратегия жөніндегі асқарушы директоры лауазымына Ернат Бердіғұлов тағайындалды. Ол да президенттің жастар кадр резервінің мүшесі.

Ернат Бердіғұлов алдында қойылған негізгі міндеттер – қордың ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеп, оны жүзеге асыру, активтерді тиімді басқарып, басымдыққа ие инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, —  делінген қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Ғибрат Ауғанов тағайындалды. Ғибрат Ауғанов — жастар кадр резервінің мүшесі. Оның қарамағына үш департамент өтеді: әлеуметтік-еңбек қатынастары және адам ресурстарын басқару департаменті, өзгерістерді басқару департаменті және қоғаммен байланыс департаменті.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы құқықтық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Николай Казутин тағайындалды.

Құқықтық сала мәселелерімен қатар Николай Казутин отандық тауар өндірушілерді шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін қордың сатып алулар үдерісін барынша жариялы ету мақсатында қолданыстағы сатып алулар жөніндегі корпоративтік құжаттардың өзгертілуіне жауапты болады. Сонымен қатар қорда іске асырылып жатқан реформалардың құқықтық сүйемелдеуі және халықаралық арбитраждарда қор мүдделерін тиімді қорғау міндеті қойылып отыр, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар екі департаменттің директорлары тағайындалды. Инвестициялар жөніндегі департамент директоры лауазымына Сәбиғат Рахметов тағайындалды. Ол мұның алдында қордың инвестициялар жөніндегі департаментінің жобаларды құрылымдау секторының басшысы қызметін атқарған. Қаржы құрылымдарында еңбек өтілі бар.

Қоғаммен байланыс департаментінің директоры лауазымына Дамир Егізбаев тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы және ҚР ҰЭМ «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ коммуникациялар жөніндегі директоры қызметін атқарған. Кәсіби журналист, «Хабар» агенттігі, Qazaqstan телерадиокорпорациясы, «Алматы» телеарнасы және басқа да БАҚ-тарда еңбек еткен.