Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, өңір әкімі президентке Қызылорда облысында 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, облыстағы экономиканың негізгі көрсеткіштері – өндірістік өнім көлемі 0,8%, өңдеу өнеркәсібі 14,5$, жеке инвестиция 11,7%, сауда 2,4%, пайдалануға берілген тұрғын үй 8,6%, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 0,3 % артқан.
Өңірде индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында былтыр құны 45,2 миллиард теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 456 жұмыс орны ашылған.
Кездесуде облыс экономикасына тікелей әсер ететін негізгі проблемалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Сырдария өзені деңгейінің күрт төмендеуі, тауарлық газдың көтерме бағасы, тасымалдау тарифінің шығындары мен жергілікті газ үлесін арттыру және агроқұрылымдардағы жер дауы мәселелері туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарды саралай келе, үкіметпен бірлесіп түйткілді мәселелерді шешу және қолға алынған жобаларды одан әрі жалғастыру жөнінде тапсырма берілді.