Министрдің айтуынша, қаңтардың ортасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тәулігіне 16 500 адам болса, бүгінде шамамен 1 500 адам тіркелген. Жалпы еліміздегі эпидемиология ахуалы тұрақты. Қазіргі уақытта стационарлардың 20 пайызында ғана науқастар ем алып жатыр.
Ажар Ғиният шектеу шараларының көбі алынғанын, оқушылардың дәстүрлі оқыту жүйесіне, кәсіпорындардағы жұмысшылардың офлайн жұмыс істеуіне рұқсат берілгенін атап өтті. Ведомство басшысы РЕВАКЦИНАЦИЯ жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Министр президентке денсаулық сақтау саласын жетілдіру жөніндегі жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, министрліктің жұмыс жоспары ең алдымен алғашқы медициналық көмекті жетілдіруге, ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар биыл Балалар жылы болып жарияланғандықтан, балалардың денсаулығына көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда мектептегі медицинаның жаңа тәртібі мен стандарты қабылданады.
Мемлекет басшысы министрліктің жұмыс бағытын қолдайтынын айтып, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.