Сонымен бірге ақылмен емес, албырттықпен әрекет жасайтын жастарды сыртқы күштердің оңай пайдаланатып кететіні де енді қаперімізде болуы керек. Егер сол бір күрделі шақта мемлекет басшысы халыққа үндеу жасап, сақтандырмағанда «қаңтар оқиғасының» соңы неге соғатынын болжау қиын еді. «Аяқтың жаза басқаны үшін бастан сұрайды, Баланың қатесі үшін әкеден сұрайды, Жай халықтың қатесі үшін ханнан сұрайды» дейді халық тәмсілі. Сол айтпақшы, осы тұста президентіміз бар жауаптылықты сезініп, халықпен бірге болды. Өз сөзіне жұртты сендіріп, өз айналасына халықты топтастыра білді.
Жақында теледидардан ақсақалдар сенатын көрсетті. Сонда Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов сан, сапа, санаға қатысты үш сын айтты. Оған мен де қосыламын. Елдегі бейбіт митингтің бүлікке ұласуы жастардың сана-сезіміндегі еліктеушілікті көрсетті. Бізде көп азаматтарымыздың бойында әлі де елге, жерге, ұлтқа құрмет көрсетудегі отаншылдық сезімі аса жоғары емес екен. Бұл тіпті құқық қорғау жүйесінде де кемшін түсіп жатқанын байқадық. Мұнда да үлкен реформа жасау қажеттігін сездік. Заңгер ретінде айтарым, полициядан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты құзырлы орган қызметкерлерінің қару-жарақ жинақталған маңызды стратегиялық нысандарды қорғаудың орнына тастап, қашып кетуінің өзі онда қызмет жасайтын адамдарды іріктеудегі олқылықты көрсетеді.
Біз қазір заң факультетінде оқитын болашақ мамандарды іріктеуді реттеп жатырмыз ғой. Мұндай жұмыс енді құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдарда өз жалғасын табуы керек. Бұл бағытта мемлекет басшысы жақсы қадамдар жасап жатыр. Шындығында халықты қорғау, мемлекеттің тыныштығын сақтау тапсырылған мамандардың білімі мен білігіне ғана емес, отаншылдық рухына да мән беру маңызды.
Бізде құқықтық тәрбие көңілдегідей емес. Бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты маған да жер-жерден қоңырау шалып, көмек сұрап жатқандар көп. Құзырлы орган өкілдері күдікті ретінде ұстағандардың ата-аналары «баламыз кінәлі емес» деп, мұңын шағуда. Кім баласын жаман десін. Сондықтан елдің, жеке адамның мүлкін қиратып, тонауға қатысуға жол берген жастардың әрекетін қайта ой елегінен өткізуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Жаңа Қазақстан» құрамыз десек, ең алдымен өзіміздің ой-санамызды өзгертуге тиіспіз. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жылдар бойы қалыптасқан жүйені президенттің жалғыз өзі өзгерте алмайды. Қуатты, әділетті мемлекет құруға талпынып жатқан президент идеялары өз деңгейінде орындалуы үшін ешқайсымыз бұл игілікті істен сырт қалмауымыз керек.
«Қаңтар қақтығысының» түбін қазбалай беретін болсақ, жастар тәрбиесіне келіп тіреліп жатқанын байқау қиын емес. Мәселен, көршілес Қытайда азанда бәрі ұйқыдан тұрған соң мемлекеттік туын көтеріп, жаттығуын жасап, елге құрмет көртіп жатады. Біз де өз туымызды барлық жерге іліп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді үйренуіміз керек. Ел үшін қызмет жасауға президенттен бастап қарапайым азаматқа дейін өз үлесімізді қосқанда ғана біз нәтижеге жетеміз. Жасыратыны жоқ, бізде жүзге, руға бөлініп, анау ана елдің, мынау мына елдің азаматы деп елге іріткі салушылар әлі де бар. Ел басқаруға лайықты азамат болса сенім білдіріп, қолдау көрсету баршаның міндеті болу керек. Біз рулық санадан, ұлттық, мемлекеттік деңгейге көтерілгенде ғана биікті бағындырамыз. Бұл үшін жүріс-тұрысымыздан бастап, ойымыз мен бала тәрбиесін мемлекеттік форматта қайта жасауымыз керек. Оған жету үшін елдегі жағдайды жан-жақты талдап, сараптама жасайтын орталықтар қалыптастыру маңызды. Бұрын бізде құқықтық анализ жасайтын Мемлекет және құқық деген арнайы институт болған. Кейін оның жұмысы ешкімге қажет болмай қалды.
«Жаңа Қазақстан» құрып, дамудың даңғыл жолына түсудің тетігі — ғылымда. Ғылымсыз даму жолымыз әрдайым бұлыңғыр. Бізді тек білім мен ғылым ғана алға жетелей алады. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесін жөн-жосықсыз енгізе бермей, өзіміздегі бар дүниені тиімді пайдаланып, оны ары қарай дамытуды басты назарға алса жөн болар еді. Алдағы уақытта бұған қатысты ұсыныс-пікірлерімізді ұсынатын боламыз. Жалпы қазіргі таңда құқық қорғау жүйесін дамытып, халықтың сот билігіне деген сенімін көтеру үшін аудандық соттарды халықтың өзі сайлағаны жөн. Сонда олар халықпен санасып, елдің мүддесін қорғау үшін дұрыс жұмыс істейтін болады. Бұл президенттің «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруы кезінде халықтың оның айналасына топтасуына өз септігін тигізері анық. Өйткені президентіміз үнемі айтып жүргендей, әділетті, сапалы атқарылған жұмыс — сенімнің кепілі.
Өмірәлі Жалаири,
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы.