Алматыда құрамында бұрынғы спортшылар бар қылмыстық топ ұсталды

Топтың ұсталған 6 мүшесінің Алматы өңірі аумағындағы көп қылмысқа (қорқытып алу, қарақшылық, озбырлық, бұзақылық, кәсіпкерлерге криминал қамқорлық, мал ұрлығы) қатысы бар.

Фото: ҰҚК

Күдіктілерді ұстау және тұрғылықты жерлерін тінту кезінде 4 атыс қаруы, 177 оқ-дәрі, 7 граната, арнайы құралдар, сонымен бірге қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрлыққа  қатысқандарын растайтын заттар (радиостанциялар, «ПР» дубинкалары, броньды кеудеше) тәркіленді, — делінген комитет таратқан хабарламада.

Ұсталғандар ҚАЖД 8-ТИ және ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы бойынша департаментінің тергеу изоляторларына қамалды.

Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3 және 4-бөліктері (Атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Фото: ҰҚК

Топ мүшелері тергеу нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне тиесілі қаруы бар «көмбелерді» көрсетті.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында екі орыннан 44 атыс қаруы және 3 суық қару, сонымен бірге 20 оқ-дәрі табылды.

Фото: ҰҚК

Қазіргі уақытта табылған қару-жарақтар қаңтар оқиғасы кезінде қолданылған-қолданылмағаны тексеріліп жатыр.