Топтың ұсталған 6 мүшесінің Алматы өңірі аумағындағы көп қылмысқа (қорқытып алу, қарақшылық, озбырлық, бұзақылық, кәсіпкерлерге криминал қамқорлық, мал ұрлығы) қатысы бар.
Күдіктілерді ұстау және тұрғылықты жерлерін тінту кезінде 4 атыс қаруы, 177 оқ-дәрі, 7 граната, арнайы құралдар, сонымен бірге қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрлыққа қатысқандарын растайтын заттар (радиостанциялар, «ПР» дубинкалары, броньды кеудеше) тәркіленді, — делінген комитет таратқан хабарламада.
Ұсталғандар ҚАЖД 8-ТИ және ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы бойынша департаментінің тергеу изоляторларына қамалды.
Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3 және 4-бөліктері (Атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Топ мүшелері тергеу нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне тиесілі қаруы бар «көмбелерді» көрсетті.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында екі орыннан 44 атыс қаруы және 3 суық қару, сонымен бірге 20 оқ-дәрі табылды.
Қазіргі уақытта табылған қару-жарақтар қаңтар оқиғасы кезінде қолданылған-қолданылмағаны тексеріліп жатыр.