Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың перспективаларын, оның ішінде Қазақстан президентінің былтырғы қазан айында Ашхабадқа жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Президенттер өзара сауда-саттық көлемінің артқанына, энергетика, көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың жанданғанына көңілдері толатынын айтты. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары бауырлас екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентіне шынайы құрметін білдіре отырып, Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстан басшысының саяси әрі өмірлік мол тәжірибесі осы мемлекеттің өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз.