Басты бетБастыУниверсиада: 31...

Универсиада: 31 қаңтардың қорытындысы

28-Дүниежүзілік Универсиада додасының екінші күнгі қорытындысы бойынша Ресей командасы көш бастап тұр. Солтүстік көршіміздің еншісінде 8 алтын, 7 күміс, 2 қола, барлығы — 17 жүлде бар. Алтындардың 4-еуі шаңғы жарысынан, сноубордтан екі, тау шаңғы және конькимен жүгіру спортынан бір медаль бар.

Ал екінші орында 8 жүлдемен Қазақстан құрамасы келеді. Ел қоржынында 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлде бар. Алтын жүлденің алғашқысын биатлоншы Алина Райкова алса, фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық жарыста чемпион атанды. Универсиаданың екінші күнінде биатлоннан сондай-ақ Галина Вишневская жүлделер қатарын тағы бір күміспен толықтырды. Ал Анна Шевченко шаңғыдан 5 км із қуалау жарысы бойынша 3-орынға тұрақтап, екінші қоласын еншіледі. Кеше ол 5 км жеке классикада да үздік үштіктің қатарынан табылған еді. Ал конькимен жүгіру спортынан Екатерина Айдова қола алды. Айта кетейік, кеше фристайлдың акробатика түрінен сайысқан Жібек Арапбаева күміс олжаласа, Жанбота Алдабергеноваға қола жүлде бұйырды.

Ал үздік үштікті Қытай құрамасы 5 жүлдемен аяқтап тұр. Оның еншісінде 2 алтын, 1 күміс және 2 қола бар. Қытайлық спортшылар әйелдер және ерлер арасындағы ауадағы акробатикадан үздік болып танылды.