Депутат Айдос Сарым: Назарбаева өз еркімен арыз жазып кетуге тиіс

Қазір өзі жұмыста жоқ, сыртынан тон пішпейік. Келсе, өзіне де айтармыз. Менің түсінігімде ол кісі өз еркімен арыз жазып кеткені дұрыс шығар дәл осындай жағдайда, – деді Айдос Сарым.

Депутат «Азаттық» тілшісінің «Қандай жағдайды меңзеп отырсыз?» деген сұрағына «Қаңтар оқиғасына апарған жағдай мен Қазақстанда қалыптасқан авторитар жүйе оның есімімен тікелей байланысты, өте үлкен сенімсіздік бар және оған реакция білдіру қажет» деп нақтылаған.

«Демек, Қазақстанда авторитар жүйе орнады ғой?» деген сұраққа «Иә, оны өмір бақи айтып келе жатырмыз» деп жауап берген.

Ол ақпарат құралдарына осы сөзі экс-президенттің үлкен қызына сенімсіздік білдіру болып есептелетінін де айтқан.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады. 12 қаңтарда көмекшісі оның коронавирус жұқтырғанын айтқан. Zakon.kz сайты 17 қаңтарда көмекшісіне сүйене отырып, экс-президенттің қызы ақысыз демалыста екенін жазды.