Басты бетЖаңалықтарМинистрлік кейбір...

Министрлік кейбір отандық жұлдызды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, былтырдың өзінде 30 мың адам қаржы пирамидаларынан зардап шекті. Шығын сомасы – 54 миллиард теңге. Мұндай пирамидаларды жарнамалауға қазақстандық танымал блогерлер, актерлер, әншілер мен спортшылар жиі тартылады.

Полицияда зардап шегушілер беделді адамдарға сеніп, миллиондаған ақша жоғалтқанын айтады. Бірақ қазір мұндай жарнама үшін жұлдыздарға жауапкершілік қарастырылмаған.

126 алаяқ жауапқа тартылды. 38-і сотталды, қалғаны бойынша процесс жалғасып жатыр. Олардың арасында Garant 24 Lombard ұйымдастырушылары (17 000 зардап шегуші). L-Capital пирамидасының екі жетекшісі де сотты күтіп отыр. Олар 300 адамды 260 миллион теңгеге алдап соққан. «Evolution corp» болса 3 миллиард теңге жинап алған. Жәбірленушілердің жолы болып, бұл қаржы пирамидасының барлық мүлкі тәркіленді. Көбінесе ақшасы бар алаяқтарды табу қиын, әдетте қаражат шетелге кетіп қалады, — деп хабарлайды телеарна.

ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында жылжымалы және жылжымайтын мүлік, оның ішінде 60 көлік, төрт пәтер, бес жер телімі, 31 жеке тұрғын үй тәркіленді.

Департамент прокуратураға ұсыныс жолдады.