Отбасы банкінің 1 716 431 салымшысы мемлекеттік сыйлықақы алды

Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 1 716 431 клиентінің шотына демалыс күндері мемлекеттік сыйлықақы түсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша депозиттерге барлығы 61,7 млрд теңге аударылды.

116 680 теңге көлеміндегі ең жоғары мемлекеттік сыйлықақыға Отбасы Банкінің 382 406 салымшысы ие болды. 2021 жылы олардың әрқайсысы есепшотына кемі 583 400 теңге немесе 200 АЕК жинақтаған.

Ал депозитінде одан да көп қаражат жинаған клиенттер сыйлықақы берілмеген жинақ бөлігі бойынша мемлекеттік сыйлықақыны 2022 жылдың қорытындысы нәтижесінде алады.

– Өткен жылы 601 367 қазақстандық алғашқы жарна жинап, қолжетімді шарттармен баспана сатып алу үшін Отбасы банкінде жаңа депозит ашты. Бұл — рекордтық көрсеткіш, оған біржолғы зейнетақы төлемдерін жинақ шоттарына аудару мүмкіндігі де сеп болды. Желтоқсан айының 15 күнінде бұл мүмкіндікті 34 мыңнан астам адам қолданды. Олар өз депозитіне 55 млрд теңге аударып, оған қоса үстінен мемлекеттік сыйлықақы алып, баспаналы боламын деген мақсатына біртабан жақындай түсті, — деп түсіндірді «Отбасы Банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Мемлекеттік бонус болашақта жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алу үшін депозит бойынша жинақтау мерзімін қысқартуға көмектеседі. Мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысы бірігіп, Отбасы банк депозиттерін нарықтағы ең тиімді салымдардың біріне айналдырады. Өйткені олар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетуі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының тұрғындары Отбасы банкінде қаражат жинақтаудың бұл артықшылығын жоғары бағалайды. Себебі бұл қалалар ең үлкен депозиттік портфельге ие.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 122 520 теңгеге тең болады. Оған қол жеткізу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 612 600 теңге (200 АЕК) жинақтау қажет.

Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, мемлекет сыйлықақысы солардың тек біреуіне ғана есептеледі. Сондықтан, жыл сайын көбірек сома жинауды жоспарлап отырған салымшылар максималды кірісті сақтау үшін отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашып, жарналарды біргелкі аударып отыра алады. Сонда олардың әрқайсысына мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады. Ал тұрғын үй құнының 50%-ы жиналып, тұрғын үй заемын алу уақыты келгенде (тұрғын үй заемы бойынша мөлшерлеме 3,5%-5%), шоттарды біріктіріп, үй немесе пәтер сатып алуға болады. Бұл мүмкіндік «Отбасылық пакет» деп аталады.

Еске сала кетейік, салымшы депозитте 3 жылдан аз уақыт аралығында қаражат жинап, оның шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады.