Қазақстан балалардың хал-ахуал индексін бекітті

«Балалардың әртүрлі салалардағы жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалау мақсатында:

1. Қоса беріліп отырған балалардың хал-ахуал индексі (бұдан әрі – индекс) бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі:

1) жыл сайын 1 маусымға қарай индекске мониторинг жүргізуді;

2) индекс мониторингінің қорытындыларын Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы мемлекеттік баяндамаға енгізуді қамтамасыз етсін.

3. Мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар құзыреті шеңберінде жыл сайын (1 сәуірден кешіктірмей) өткен күнтізбелік жылғы статистикалық деректердің толтырылуын қамтамасыз етсін», — делінген құжатта.

Балалардың хал-ахуал индексі балалардың хал-ахуалын және әртүрлі салаларда балаларға жағдай жасауға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін бағалау мақсатында әзірленді.

Индексті енгізу балалар мен ата-аналардың/заңды өкілдердің (бұдан әрі –ата-аналар) пікірін ескере отырып, өңірлер бойынша әртүрлі салаларда балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың тиімді іске асуына кедергі келтіретін факторларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Индекс негізгі 4 бағыттан тұрады: «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат», «Елдің әл-ауқаты».

Индекс орнықты даму саласындағы «Ешкімді шетте қалдырмау» қағидатын ескере отырып әзірленді.

Қажетті деректер орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың, сонымен бірге халықаралық және отандық зерттеу құрылымдарының ашық дереккөздерінен қалыптастырылатын болады. Сауалнама деректері балалар (ата-анасының рұқсатымен) мен ата-аналарға сауалнама жүргізу арқылы қалыптасады.

Осы индексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) бағыттарды есептеу – бағыттарға кіретін құрамдауыштардың немесе статистикалық/сауалнамалық деректердің арифметикалық орташа мәнін анықтау арқылы жүргізілетін есептеу;

2) балаларға арналған бюджет – республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерден балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған, балаларға арналған бюджет шығыстары;

3) балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған бюджет шығыстары – бұл балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған бюджеттік бағдарламалар/кіші бағдарламалар бойынша тікелей және жанама шығыстардың жиынтығы;

4) баланың хал-ахуалы – баланың физикалық және психологиялық денсаулығын қолдауға және жақсартуға, сапалы біліммен, даму мүмкіндіктерімен, қауіпсіздікпен және басқа да жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталған факторлардың жиынтық әсерінен қалыптасқан жағдайы;

5) деректерді нормаға айналдыру – деректердің бастапқы (туынды) мәндерін нормалық (орташа) мәнге айналдыру;

6) жанама шығыстар – балаларды қолдауға және дамытуға тікелей және біржақты бағытталмаған, бірақ халықтың барлық жас санаттарын, оның ішінде балаларды қамтитын нақты шығыстар (мысалы, балалар бөлімшесі бар аурухананы ұстау (жалпы шығыстардағы үлесі); оңалту орталықтарында қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету (игілік алушылардың кең ауқымы) және т. б.);

7) статистикалық/сауалнамалық деректер – балалардың әртүрлі салалардағы, оның ішінде өңірлер бойынша жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер;

8) қорытынды индексті есептеу – барлық бағыттардың арифметикалық орташа мәнін анықтау жолымен жүргізілетін есептеу;

9) құрамдауыш – балалардың белгілі бір саладағы жағдайын сипаттайтын статистикалық/сауалнамалық деректер жиынтығы;

10) мониторинг – балалардың игілігі саласындағы ұлттық саясаттың тиімділігі туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, сақтауды және таратуды ұйымдастыру нысаны;

11) тікелей шығыстар – кәмелетке толғанға дейін балаларды қолдауға және дамытуға тікелей және біржақты бағытталған нақты шығыстар (мысалы, жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, балалар кітапханаларының, балаларға арналған спорт мектептері мен секцияларының, оқушылар сарайларының жұмыс істеуіне, балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз етуге, балалар ауруханаларына және т.б. арналған шығындар).

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 22 қазанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында балалардың хал-ахуал индексін енгізуді тапсырды.