Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қайрат Ақтановты ұлттық ұлан бас қолбасшылығының жеке құрамына таныстырды.
Ел президенті ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан алдында үлкен міндеттер қойды. Қаңтар оқиғалары, ең алдымен, бізден іс-әрекеттің, іс-қимылдың жеделдігін, ішкі істер және қорғаныс министрліктері арасында қарым-қатынастың анықтығын қажет екенін көрсетті. Бүгінде ІІМ, ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін күшейту, олардың штаттық санын ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы алғанда ведомство құрылымдарының қызметін жетілдіру және нығайтуға қатысты кешенді жұмыстарды бастап кеттік. Еліміз үшін ауыр күндері полиция қызметкерлері мен ұлттық ұлан жауынгерлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен тұрғындарды қорғау бойынша кәсіби білігін көрсетті. Генерал-майор Ақтановтың қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күреске қатысты тапсырмаларды орындауға бар күш-жігерін саларына сенімдімін, – деді ведомство басшысы.
Қайрат Ақтанов 1972 жылы наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы шекара әскерлерінің әскери институтын, ҚР қарулы күштерінің ұлттық қорғаныс университетін, Ресей Федерациясы бас штабының академиясын тәмамдаған.
ІІМ ішкі әскерлері қатарында взвод командирі лауазымынан бастап, полк және құрама командирі лауазымдарына дейінгі қызметтік жолдан өтті. Әр жылдарда ұлттық ұланның «Батыс», «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарын басқарды және ұлттық ұлан бас қолбасшысының кеңесшісі, ұлттық ұлан бас штабы бастығының бірінші орынбасары міндеттерін атқарды.