Сонымен қатар HRW қамауға алынғандарға қатысты басқа да заң бұзушылықтар туралы ақпарат жариялаған. Осыған байланысты ведомство мәлімдеме жасады.
Қазақстан Республикасы шектен тыс күш қолданудың, заңсыз ұстаудың, азаптаудың және қамауға алынғандарға қатыгездік көрсетудің ықтимал жағдайларын айыптайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы тәртіпсіздіктерге тергеу әділ болуы және заң аясында жүргізілуге тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Қамауға алынғандардың құқықтарын қатаң сақтау және сотта істің әділетті қаралуы міндетті шарт болуға тиіс. Мемлекет басшысы бас прокуратура мен ішкі істер министрлігін тергеу іс-шараларын жүргізген кезде азаптау мен қатыгездіктің өзге түрлерін қолдануға тыйым салатын еліміздің конституциясы мен қылмыстық-процестік кодексiнің сақталуын қамтамасыз етуге шақырды, — делінген ведомствоның жауабында.
Сыртқы істер министрлігі заңсыз ұстау және қамауға алынған азаматтарға қатыгездік көрсету туралы кез келген мәліметтер мұқият қарастырылатынын хабарлады.
Тергеу органдары келіп түсіп жатқан барлық заң бұзушылық фактісін тексеріп жатыр. Азаматтардың қажетті ақпаратты кедергісіз және жедел алуы, оның ішінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағым жолдауы мақсатында «шұғыл желі» ашылған. ҚР бас прокуратурасының деректері бойынша бүгінде азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергеліп жатыр, — делінген хабарламада.
Бас прокуратура және басқа да тергеу органдары қазақстандық және халықаралық қоғамдастық көтерген әрбір жеке істі жан-жақты қарастыруға дайын.
Қамауға алынған азаматтардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу үшін адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға, азаптауларды болдырмаудың ұлттық алдын алу тетігінің және ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне пенитенциарлық жүйе мекемелеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген. ҰАТ өңірлік топтары Қазақстанның 16 өңіріндегі 83 жабық мекемеге 97 тәуелсіз мониторинг жүргізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қарастырылып жатыр. Сонымен қатар өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруіне рұқсат етілді. Азаматтық қоғамның беделді өкілдері, оның ішінде құқық қорғаушылар және заңгерлер қаңтар оқиғаларына тергеу жүргізу бойынша қоғамдық комиссиялар құрды, — деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігі сонымен бірге ведомство басшысы Мұхтар Тілеуберді Human Rights Watch ұйымының атқарушы директоры Кеннет Ротпен кездесу өткізуі жөнінде келіскенін жазды.
Human rights watch-тың штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан, бұл — дүниежүзінің 70-тен аса елінде адам құқықтарының бұзылуын бақылайтын, зерттейтін үкіметтік емес ұйым.