«Лос-Анжелестегі үздік университеттердің біріне оқуға түстім»

Қазақстанда мектеп бітіргеннен кейін Қытайдағы жоғары оқу орындарының біріне «Экономика» мамандығы бойынша тапсырдым. Екінші курстан кейіг белгілі Work&Travel бағдарламасы арқылы АҚШ-та 3 ай тәжірибеден өттім. Сол уақытта жұмыстан бөлек елдің әсем жерлерін аралауға уақыт табылатын. 3 курстан соң тағы бардым.

Жастар үшін бұл бағдарламаның мүмкіндігі өте көп болды. Ел-жер көріп, алып мемлекеттің тыныс-тіршілігімен жақын таныса аласың. Сол жақтағы өмір қатты ұнады. Бала кезгі арманым АҚШ-та студент болу еді. Қытайда оқып жүріп, осы елде білімімді жалғастырғым келді.

АҚШ-тың өте қымбат мемлекет екенін білетінмін. Сондықтан оқуға түсу үшін түрлі жолды қарастырып көрдім. Ақыры негізінен практикаға бейімделген Certificate Program арқылы магистратураға оқуға түстім. Бұл бағдарламаның ерекшелігі магистратураны екі жыл емес, бір жыл оқуға болады. Сондай-ақ ақысы да шектен тыс салмақ салмады.

Осылайша, Калифорния штатына қарасты Лос-Анжелестегі үздік университеттердің біріне оқуға түстім. Бұл ЖОО-ны «Компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша тәмамдадым.

«АҚШ-та оқуға түсу өте қиын»

Қытайға қарағанда, АҚШ-та оқуға түсу қиын. Бірақ бірнеше алғышартты орындасаң, білім алуға біртабан жол ашылатынын айта кету керек. Бакалаврда алған бағаларыңыз (JPІ) маңызды, сондай-ақ диплом және ағылшын тілі (IELTS) бойынша жоғары балл алуыңыз қажет. Одан өзге тағы басқа жинайтын ұсақ-түйек құжаттары бар.

Көбінесе жастар Мексика, Гватемала секілді елдерден оқуға келіп, АҚШ азаматтығын алғысы келеді. Алайда АҚШ тарапы визаны берер кезде сұхбаттасушымен тілдеседі. Кездесу барысында түрлі сұрақ қойылып, өтініш берушінің ниет-пиғылын нақтыланады. Визаны беру-бермеу жайлы шешімге де ықпал етеді.

Америкада білім алу қымбат. Дегенмен, бұл ел жастар үшін түрлі тиімді тәсіл қарастырған. Мәселен, университет кампусында тұрып жатып, сол жерде жұмыс істей аласыз. Ол үшін өтініш жазу қажет. Тағы бір байқағаным, Лос-Анджелесте оқитындардың көбі «БОЛАШАҚ» бағдарламасы арқылы оқып жүр. Олар шәкіртақы секілді бірқатар артықшылықпен қамтамасыз етілген.

Мұхаммед Әлімбет. Фото жеке архивінен

«Америкада ой еркіндігі бар»

АҚШ пен Қытайдағы оқу бағдарламаларының, студенттердің білім алу барысы, тәрбиесі бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

АҚШ-та ой еркіндігі бар. Әр ізденуші ойындағысын еркін айтып, оқыған білімін, танымын пікірталасқа айналдыра алады. Мұнда студент пен оқушы арасындағы оқыту барысы «достыққа» құрылған.

Қытайдағы жағдай өзгеше. Студенттер профессорларды, оқытушыларды қатты сыйлайды және айтқанын екі етпейді. Сонымен бірге екі ортада арасында үлкен ара қашықтық сақталған. Тіпті, оқытушыларды «жоғары шенді» адам ретінде санайды. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар сияқты. Өйткені ізденуші белгілі бір шеңберден шыға алмағандықтан, ойын еркін жеткізе алмайды.

«Қазақ жастарының білімі басқа елдерде бағаланып жатыр»

Менің ойымша, елімізде білім алу үшін жастарға жеткілікті жағдай жасалмаған. Адамдардың кетіп жатқаны жасырын емес. Талантымен, тапқырлығымен әлемді мойындатып жүргендер де бар. Мәселен, Google, Amazon секілді ірі компанияларда достарым жұмыс істеп жүр.

Жалпы, қазақ жастарының білімі басқа елдерде бағаланып жатыр. Әсіресе, Америка, Еуропа елдерін атауға болады. Қазақстандағыдай емес еңбекақысы, лауазымы әлдеқайда жоғары.

GOOGLE компаниясында жұмыс істейтін досымды айтайын. Қазақстанда білім алып, кейін мекемелерде қызмет атқара бастады. Жұмысын ауыстырғысы келіп, еліміздегі ірі мекемелердің біріне түйіндемесін жібереді. Өкінішке қарай, жауап берілмейді. Көңілі қалып, шетел асуды ойлайды. Сөйтіп, Google компаниясына орналасады. Қазір айлық табысы Қазақстандағыға қарағанда 10-15 есе жоғары.

Талабы бар жастарға кез келген елде қолдау көрсетілетіні түсінікті. Мұндай көмек әлем елдерінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де жалғасын табады. Яғни, мемлекеттік білім гранты арқылы оқыған студенттің жұмысқа орналасуы да қамтамасыз етіледі.

Бірақ Қазақстанда оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі шешімін таппай келеді. Дипломы болғанымен, жұмыссыз сенделіп жүрген жастар қаншама?! Елдегі мұндай жағдайдан хабардар, шетелде білім алған жастар осыдан кейін Қазақстанға оралуға қайдан құлықты болсын?!

Фото жеке архивінен

«Елге оралуымның басты себебі — отбасымды сағынуым»

Жақындарымды, отбасымды сағындым, сондықтан Қазақстанға қайтып келдім. Біршама уақыт туған жерде болып, кейін шетелге кету жоспарда бар. Қазір Алматыдағы ІТ компаниялардың бірінде жұмыс істеп жатырмын. Мұнда дыбыс роботтарын жасап шығарамыз. Міндетім − роботтардың сапасын тексеру, оларға функционалды қызметтер қосу.

Негізгі түйткілдердің бәрі балабақшадан басталады. Ата-анам «тәрбие тал бесіктен» басталады деп әрдайым айтып жүреді. Қазір мұғалім мен оқушы арасында да алшақтық байқалады. Мұғалімді сыйламаған ортадан адамгершілігі мол азамат шығуы өте қиын.

Мәселен, АҚШ-та ең бірінші мұғалімді сыйлау үйретіледі. Оған қоса, әр балаға жеке тұлға ретінде қарайды. Ата-ана оны жастайынан шешендік курстарға, сабақтарға қатыстырады. Мектептің өзінде 9-10 жасар оқушыларға ораторлық сабақтар ұйымдастырылады. Бала ойын еркін жеткізуді, адамдармен қарым-қатынас құруды және көпшіліктің алдында сөйлеуді үйренеді.

Тағы бір ерекшелегі — сабақтың баланың дағдысына қарай өтуі. Мысалы, ІТ ұнаса, оны қосымша сабақ ретінде бастауыштан үйрене береді.

АҚШ немесе Қытай бірден дамыған елге айналды деп айта алмаймын. Оған көп уақыт кетті. Болашақта Қазақстан оосындай мемлекеттерден қажетін алып, керегіне жаратады деген ойдамын.