Басты бетЖаңалықтарТелефондардың IMEI-кодын...

Телефондардың IMEI-кодын тіркеу не үшін қажет?

Мектепте телефон ұстауға тыйым салу оқушының зейіні артуына көмектеседі. Әрі бұл тыйым жеткіншекті қылмыскердің жәбірленуінен сақтау үшін қажет дейді мамандар. Тараз қаласының оқушылары смартфондарын үйлеріне қалдырып, қуат көзі апталап таусылмайтын батырмасы бар, тек сөйлесуге арналған қарапайым телефонға көшкен. Бұл бастама алдымен қауіпсіздікке қажет дейді прокуратура өкілдері.

«Тыйым салуымыздың басты себебі — балалардың қауіпсіздігі. Статистика бойынша елімізде қалта телефонын ұрлау көрсеткіші 10 есе өскен. Және қылмыскер оны күш көрсете отырып алуы мүмкін», — дейді Тараз қаласы прокурорының орынбасары Қайыржан Қуатбеков.

Тараздағы №1 мектеп-гимназияның қымбат байланыс құралынан бас тартқандарына 3 жыл болған. Бұл бастаманы ата-аналар, қалалық, облыстық білім басқармалары бірден мақұлдаған.

«Оқу ғимаратында балалар алдымен оқуы керек. Қымбат смартфондардан бас тарту білім деңгейінің өсуіне ықпалын тигізді. Сондықтан бұл шараның пайдасы мол. Балаларды жан-жақты қамтуға тырысамыз, үзілісте телефонға үңілетін уақыттары жоқ», — дейді Тараз қаласы, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Жанна Мадимарова.

Сондай-ақ Қызылорда мектептерінде мұғалімдерге де мектепте смартфон қолдануына 2016 жылдан бастап тыйым салынған. Жаңа ереже облыстық прокуратураның ұсынысымен енгізілген. Құқық қорғау органдары білім мекемелерінде тіркелетін қылмыстың 65 пайызы телефон ұрлаумен байланысты екенін анықтапты. Бағасы қымбат смартфондармен жүрген оқушылар көбінесе ұрыларға тап болып жатады. Әсіресе 12 жасқа дейінгі балалар қылмыскерлерден жәбір көреді.

«2017 жылдан бері Астана қаласында 200-ге жуық осы ұялы телефонды ұрлау факт дерегі тіркелген», -деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова.

Айта кетейік, IMEI-коды бірыңғай базада тіркелмеген ұялы телефондар 1 шілдеден бастап бұғатталады. Яғни, лаңкестікпен күрес туралы заңға сай әрбір байланыс құрылғысының жеке коды арнайы базаға тіркелуі тиіс. Кей мәліметтерге сай, бұл жолы тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеу сияқты кезек болмайды, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасалмақ.

ДереккөзАstanatv.kz