Жаңа 100 теңгелік күміс монеталар шығады

Қазақстан Ұлттық банкі 31 қаңтарда номиналы 100 теңгелік, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына арналған ескерткіш күміс монеталарды айналысқа шығарады, деп хабарлайды Inform.kz.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығы, 100 теңге

100 теңгелік монетаның дизайны ҚР Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

«Монеталардың бүкіл таралымын Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті сатып алады», – делінген Ұлттық банк баспасөзінің хабарламасында.

Монетаның дизайны

“Рroоf” сапалы күмістен жасалған монетаның бет жағында (аверсінде) төменгі бөлігінде стадионның стильдендірілген бейнесінің қоршауында Қазақстанның Елтаңбасы, монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925  31,1 g» деген жазу және соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан бейнеленген.

Сол жақ бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазу, жоғарғы бөлігінде Ұлттық банкінің логотипі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген ойыңқы жазу бар. Монетаның сырт жағында (реверсінде) Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы және «25 YEARS» жазуы бейнеленген.

Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1±0,31 г, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 1 мың дана. Номиналдық құны 100 теңгелік ескерткіш монеталар республиканың бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, еліміздің барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.