«Нұрлы жер» бағдарламасы 1,5 млн отбасын баспанамен қамтамасыз етеді — Жолдау

Елбасының айтуынша, урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

«…Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға — алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.  Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі — «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты  бойынша қайта пайдаланылады», — деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйді бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

«Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді. Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер беру қарастырылған. Аталған бағдарламаға қазіргі ипотекалық және тұрғын-үй жинақ тетіктері енгізілетін болады.

ДереккөзInform.kz