Ақ немесе қысқы олимпиада ойындары —  Халықаралық олимпиада комитетінің қолдауымен 4 жыл сайын өтетін қысқы спорт түрлерінен ең ірі халықаралық жарыс. Бастапқыда жазғы мен қысқы олимпиада бір жылда ұйымдастырылатын, 1994 жылдан бастап қысқы олимпиада ойындары жазғысынан кейін екі жылға кеш өтетін болды.

Ең алғашқы қысқы олимпиада ойындары 1924 жылы Францияның Шамони-мон-блан қаласында болды. Оған алты спорт түрі бойынша 16 ел қатысты.

1924-2018 жылдар аралығында жалпыкоманда есебінде Ресей (КСРО жеңісі де осы елге саналған) 9, Норвегия 8, Германия 4 рет, АҚШ, Швеция, Канада 1 рет жеңімпаз атанды.

Қысқы олимпиада спорт түрлері қандай?

Қысқы олимпиада ойындарында спортшылар 7 спорт түрі, оның ішінде 15 санат бойынша жарысады. Олар:

  • Шаңғы жарысы: тау шаңғы спорты, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, екі сатылы шаңғы сайысы, фристайл және сноубординг;
  • Биатлон;
  • Коньки спорты: мәнерлеп сырғанау, коньки спорты, шорт-трек;
  • Бобслей: бобслей, скелетон;
  • Шана спорты;
  • Шайбалы хоккей;
  • Керлинг.
Қысқы олимпиада
Фото: Владислав Семёнов, Қазақстан ҰОК

2022 жылғы олимпиада ойындары қалай өтеді?

2015 жылы 31 шілдеде Куала-Лумпурдегі Халықаралық олимпиада комитетінің сессиясында Бейжің олимпиада өткізу туралы құқыққа ие болды. Енді Қытай астанасы жазғы және қысқы олимпиада ойындарын өткізген ең алғашқы қала болып есептеледі.

Жарыс Қытайдың үш аймағында өтеді: Бейжің, Яньцинь және Чжанцзякоу.

Бейжіңде мұз жарысының барлық түрі (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты) және қардағы төрт жарыс (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) өтеді.

Яньцинь — астана маңындағы аудан. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спорты қатысушылары жарысады.

Чжанцзякоу — солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан қала округі. Ондағы танымал қысқы курорт Чунлиде сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан қалған жарыстар өтеді.

Биылғы олимпиадада 7 қысқы спорт түрінен жалпы 109 медаль беріледі. Медальдің бетінде олимпиаданың бес сақинасы бейнеленіп, XXIV Olympic Winter Games Beijing 2022 жазуы жазылған.

Бейжің-2022, Қысқы Олимпиада, медаль
Фото: Olympics.com

«Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбек биылғы қысқы олимпиада ойындарының ең негізігі ерекшілігі ретінде Халықаралық олимпиада комитетінің гендер теңдігі мәселесіне көп көңіл бөле бастағанын айтты.

Руслан Меделбек
Руслан Меделбек. Фото жеке архивінен

«Бұл олимпиадаға шетелден көрермен келмейді, бірақ жергілікті халыққа кіруге мүмкіндік болады. Халықаралық олимпиада комитеті ер мен әйел спортшылар арасында сарапқа салынатын медаль санын теңестіру үшін барынша талпынып жатқаны байқалады. Әр олимпиада сайын бұл көрсеткіш теңесіп келе жатыр, бұрын олимпиадаға көбірек ерлер қатысып, олар көп медаль алып келсе, қазір бұл көрсеткіш өзгеріп келеді. Әйелдерге де көп жолдама беру, олардың арасында көбірек медаль сарапқа салу сияқты үлкен қадамдар дәл осы Бейжің олимпиадасында жасалып отыр. Сосын бұл олимпиада да пандемияға тура келді. Қазір қалаға шыға алмаймыз», — дейді Руслан Меделбек.

Олимпиада тұмары — Бинь дунь дунь

Бейжің-2022 тұмары — скафандрға ұқсас мұздан жасалған костюм киген панда. Оны аты — Бин дунь дунь. Қазіргі қытай тілінде «бин» сөзі «мұз» және «тазалық», «күш» деген мағынаға ие. Ал «дунь дунь» сөзі «дені сау», «күшті» және «көңілді» дегенді білдіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада тұмары – бұл қатысушылар мен көрермендерге қуаныш сыйлайтын қысқы спорт түрлерінің елшісі. Ол спортшылардың күші мен ерік-жігерін бейнелейді.

Талисман авторы Цао Сюэ мен ұйымдастырушылар панда үстіндегі мұз скафандр арқылы жаңа технологиялар мен болашақты көрсетуге тырысқан. Мұз костюміндегі панда спортшылармен бірге коньки, шаңғы және сноуборд тебе алады.

Бейжің-2022 талисман
Фото: Olympika

Бір қызығы, Бейжің-2022 ұйымдастыру комитеті жариялаған жаһандық байқауға Қытайдан ғана емес, дүниежүзінің 35 елінен 5 800 талисман дизайны келіп түскен. Алдын ала іріктеуді қытайлық және халықаралық сарапшылар жүргізді. Содан кейін Гуанчжоу бейнелеу өнері академиясы мен Цзилинь өнер университетінің қазылар алқасы үздік үміткерлердің тізімін жасады. Нәтижесінде Бинь дунь дунь пандасы Бейжің-2022 қысқы олимпиадасының бойтұмарына айналды. Панданың таңдалуының да бірнеше себебі бар. Біріншіден, алып панда — Қытайдың ұлттық символы, екіншіден, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы олимпиаданың да бойтұмары панда болған.

Қазақстан құрамасы

Бейжің-2022 қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл-акробатика және фристайл-могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 санат бойынша сайысқа түседі.

«Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбектің айтуына қарағанда, биылғы қысқы олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшыларының бұрынғы нәтижелері мәз емес.

Негізінен биылғы олимпиадада қазақстандық спортшылардың медаль алуы 50/50. Болады деп дөп басып айту қиын, үмітіміз шорт-трек пен фристайлда ғана. Осы екі спорт түрінен басты қарсыластар сәтсіздікке ұшырап, біздің спортшылар алға шығуы мүмкін, бірақ, өкінішке қарай, нақты мына спортшы медаль алады деп көрсету қиын болып тұр. Жоғарыда айтқанымдай, қарсыластар қателесуі керек және біздің спортшыларымыздың жолы болып кетуі керек, сондай кезде ғана медаль болып қалуы мүмкін. Мысалы, Юлия Галышеваның нәтижелері онша емес. Былтыр, 2021 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында могулдан күміс медаль алды. 2019 жылы әлем чемпионы болды. Алайда 2021 жылғы желтоқсаннан бастап әлем кубоктарында бірде-бір медаль ала алмады. Ең үздік нәтижесі — 7-орын. Павел Колмаков әлем кубогында фристайлдан бір рет күміс алды, бірақ одан кейінгі кезеңдерде нашар нәтиже көрсетті. Нақты Колмаков деп көрсету қиын, жолы болып кетсе, бір медаль алуы мүмкін, — деді журналист.

Руслан Меделбектің болжамы бойынша Қазақстанның бұл олимпиадада алтын алуы екіталай, қоржынға бір қола медаль түсуі мүмкін, бірақ мұның өзін нық сеніммен айта алмайды.

Қазақстан туын ұстап шығатын спортшы Абзал Әжіғалиев әлем кубогының төрт кезеңінде де жүлде ала алмады. Спортшылардың олимпиадаға қалай, не істеп дайындалғанын білмейміз. Сондықтан әлі де үміт бар, — дейді ол.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюковтің сөзінше, мемлекет Бейжің олимпиадасына 250 миллион теңге бөлуді жоспарлады.

Бейжің олимпиадасына 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарланған. Алайда бұдан да аз сома – 220 миллион теңге жұмсалуы мүмкін, өйткені ұйымдастырушылар делегациялардағы қатысушылар санын қысқартып жатыр, — деді Андрей Крюков 25 қаңтарда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Олимпиада формасы

Қазақстан құрамасы, Бейжің-2022
Бейжің-2022 олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасының формасы. Фото: Olympic.kz

Ұлттық олимпиада комитеті 20 қаңтарда 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасын көпшілік назарына ұсынды. Экипировкадағы ел атауы алғаш рет қазақ тілінде Qazaqstan болып жазылады.

Қазақстан құрамасының олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетіпті. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысқан. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты ұсыныстарын айтқан.

Фото: Olympic.kz

Жүлдегерлерге қанша сыйақы беріледі?

Қазақстан Бейжің олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері белгіленді. Алтын медаль иегерлеріне 250 мың АҚШ доллары (шамане 109 миллион 129 мың 500 теңге), күміске 150 мың АҚШ доллары (65 миллион 477 мың 700 теңге), қолаға 75 мың АҚШ доллары (32 миллион 738 мың 850 теңге) беріледі.

Қайдан көруге болады?

Бейжің олимпиадасын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және El arna телеарналарының тікелей эфирінен көруге болады. Сайыстың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17.55-те басталады.