Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, АӨК, «жасыл экономиканы» дамыту, цифрландыру, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану және тағы басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қытайға Қазақстаннан экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту, сонымен бірге шекара маңындағы өзара іс-қимылды одан әрі арттыру перспективаларына ерекше назар аударылды.
Премьер-министр жеткізу тізбегін қалпына келтіру, Қазақстан–Қытай шекарасындағы барлық автомобиль және теміржол өткізу пунктілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сонымен қатар ҚР мен ҚХР арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын «қайта қарау» және сыртқы басты серіктестермен, соның ішінде Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде алдымызға бірқатар міндет қойды, — деді Әлихан Смайылов.
Чжан Сяо Қазақстанмен ынтымақтастық Қытайдың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты.
ҚХР Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді және қажетті қолдау мен жәрдем көрсетуге дайын.
Қытай — Қазақстанның ірі сыртқы сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2021 жылғы 11 айда екіжақты сауда көлемі 17 миллиардтан асып, 13,6% өсті.