Тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен бизнеске өтемақы беріле бастады

Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтында хабарланды.

Биылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша «InfoKazakhstan.kz» электронды платформа арқылы Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан залалды өтеуге 2 000-нан астам өтінім берілді.

Залалды өтеу тетігі өтінімдерді оңайлатылған тәртіп бойынша және сот сараптамасының қорытындылары негізінде өтініш берушінің қалауы бойынша қарауды көздейді.

Алматыда сараптамаларды жедел жүргізу үшін 33 сарапшы жұмыс істейді, 68 сот сарапшысынан тұратын қосымша резерв құрылды. Өңірлік комиссиялардың жұмысы аясында оң шешімдер қабылданды, алғашқы өтемақылар өтініш білдірген бизнесмендердің есеп шоттарына аударылды,- делінген хабарламада.

Алматыда 17 кәсіпкер жалпы сомасы 33 миллион теңгеге төлем алды. Үкімет бизнестің қызметін қалпына келтіру мақсатында оларға келген залалды жедел өтеу жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастырады.