Елдегі дүрбелең уақытта сыртта болып жатқан жағдай психоэмоционал және психосоматика ауытқуларына әкеп соқты. Азаматтар сыртқа шыға алмады, жақынының жай-күйінен хабарсыз қалып жатты, оқшаулануға мәжбүр болды.
Ғылымда психоэмоционал ауытқуды – «эмоциялық күйзеліс» дейді. Ол адамның ұйқысына, жүйке жүйесі мен гормондар қызметіне кері әсер етеді. Ал психосоматика ауытқуы кезінде адам буын және омыртқа ауруы, тыныс алу жолдарының нашарлауы, созылмалы аллергияның асқынуы секілді кәдімгі сырқат белгілеріне ұшырайды.
Психоаналитика маманы Арай Әбілқасымованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде психика мен сананың зақымдануы тән ауруынан да маңызды болады екен.
Болып жатқан оқиғаның көлемі, әсері неғұрлым айқын болса, ол көрініс адамның жанында соғұрлым ұзақ өмір сүреді. Бірақ төтенше жағдайға тап болған барлық адамның қабылдау психикасы бірдей болмайды. Бір жан дереу өзінің ішкі ресурстарын топтап, шешім қабылдауға дайын болса, екіншісінің жұмыс қабілеті, керісінше, төмендеп кетеді немесе мүлдем тоқтайды, денсаулығы нашарлап, физиологиялық және психологиялық тұрғыдан кері кетеді. Бұған ғылымда «актив» және «пассив» қабылдау деген анықтама берілген, – дейді Арай Әбілқасымова.
Маман тұлға бойындағы күйзеліс адам ағзасының жеке ерекшелігіне, тұқым қуалауға, тәрбиеге, тіршілік және еңбек жағдайына, темпераментіне және эмоционал көңіл күйіне байланысты жүретінін айтып өтті.
Төтенше жағдай кезіндегі адам бойындағы күйзелістің созылмалы ауруын «психоген реакциялар» немесе «психоген ауытқулары» деп атайды. Оған қатты қобалжу, әбігерлену, тұйықталу, айналасында болып жатқан оқиғаларды естімеу, көрмеу жатады. Экстремал жағдайда адам өз ырқынан тыс әрекеттер жасап, істеген ісіне есеп бере алмайды, – деді психоаналитика маманы.
Ал Sober-road оңалту орталығының психологы Дана Қорғанованың айтуынша, адамда эмоцияның көп болуы ақыл-ойдың жұмысына зақым келтіреді екен.
Осы уақытта адам эмоцияға берілмеудің жолын іздеуі қажет. Ішіміздегі астан-кестен болып жатқан эмоциялар үшін өзгелерді кінәлауға болмайды. Сондықтан өзімізді жаман ой, жағымсыз әдеттермен қымтамай, эмоцияға берілмеуге тырысу керек, – дейді Дана Қорғанова.
Арай Әбілқасымова сыртқы ортаның ықпалынан кейін адамның жай-күйі тек жүйкені емдеумен реттелмейтінін, гумаральдық жолмен де қалыпқа келетінін айтады. Гумаральды реттелу — жасуша, ағза мүшелері, тін бөлетін гормондардың көмегімен организмдегі сұйық ортада (мәселен қанда, лимфада, сілекейде, т.б.) өмір сүруге қажет процестердің реттелуі. Басқаша айтқанда, науқас осылайша жекелеген эндокринді гормондар мен биологиялық белсенді заттардың қызметін бір қалыпқа келтіре алады.
Жаппай тәртіпсіздіктен кейін Арай Әбілқасымовадан 25 адам тегін психологиялық кеңес алған. Қазір оның алтауы емдеу шараларын қабылдап жатыр, ал үшеуі индивидуал терапияға келіп жүр екен.
Маман психологиялық қолдау көрсету кезеңінде «жеке тұлғаның мүдделерін қорғау», «зиян тигізбеу», «еріктілік», «кәсіби мотивация», «құпиялық» және «тыныштық» принциптері жіті қадағалатынын атап өтті.
«Құпиялық» принципі бойынша төтенше жағдай уақытында емделушімен болған барлық жағдай арада қалады, ешқашан және еш жерде сөз болмайды. Ал «тыныштық» принципі бойынша ең алдымен адамды үрейлі күйден қалыпты жағдайға қайтару үшін жұмыс істейміз. Бұл терапия 3 немесе 4 аптаға дейін созылады. Кейде одан аз болуы мүмкін, – деді ол.
Арай Әбілқасымова кез келген әрекеттің немесе қозғалыстың әрқашан бастауы мен соңы бар екенін, сондықтан мұны естен шығармау қажет екенін айтады.
Ал Дана Қорғанова психолог мына төрт қызметті орындай алатынын жеткізді.
Біріншіден, емделушіге диагностика-психология диагнозын қойып, психологиялық портретін құру қажет. Екіншіден, ол терапевтік-психологиялық көмектің мүмкіндіктері мен құралдарын анықтауға тиіс. Үшіншіден, психотрапевтке, психиатрға жіберуі керек. Төртіншіден, емделуші туралы туралы ақпарат жинап, оған көмек беруі қажет, – деді Дана Курганова.
Психологтың айтуынша, жедел көмек көрсету кезінде емделушілер төтенше жағдай туындаған келесі факторлардан зардап шегетінін есте ұстаған жөн екен.
- Күтпеген жайт. Оқиға қаншалық кенет болса, зардап шеккендер үшін бұл соғұрлым жойқын болады. Мысалы, су тасқынының жақындауы немесе террористердің шабуылын атай аламыз.
- Бақылаудың болмауы. Экстремалды жағдай кезіндегі оқиғаларды ешкім басқара алмайды. Адам күнделікті өмірдегі ең қарапайым оқиғаларды басқара алуы үшін көп уақыт жұмсайды. Ал бұл бақылаудан айрұзақ уақытқа созылса, тіпті, жігерлі және білікті адамдардың өзі «үйренген дәрменсіздіктің» белгілерін көрсетуі мүмкін. Бұған еліміздегі соңғы жағдайларды мысал ретінде келтіруге болады.
- Уайым мен шығын. Төтенше жағдай уақытында адам баласы зардап шегушілер мен апат құрбандары туралы ақпаратты естіп, есеңгіреп қалады. Сол уақытта жақынынан айырылған оның көңіліне қаяу түседі. Ұзақ уақыт күйзелістен шыға алмаған соң, қоғамдағы әлеуметтік рөлін жоғалтып алуы әбден мүмкін.
- Мораль тұрақсыздығы. Апат құрбаны өмірін өзгерте алатын құндылықтар жүйесіне қатысты шешім қабылдау қажеттілігіне тап болады. Бұл бойынша емделушілердің «енді не істеймін?», «қорқамын», «моральдік тұрғыдан шаршадым», «әрі қарай не болады?» деген сұрақтар қояды.
Арай Әбілқасымова экстремал жағдайдағы психология – жалпы бұл саланың негізгі бағыты екенін айтады.
Оның айтуынша, психологиялық білім мен іскерлікті меңгеру үшін сәйкес мамандықтағы студенттерге «Экстремал жағдайдағы психология» курсын оқыту міндетті.
Болашақ маман психика құбылыстары заңдылықтарын, іс-әрекет пен тұлғаның сипаттамасын, тұлғааралық қарым-қатынастардың ерекшеліктерін, педагогиканың жалпы негіздерін, педагогикалық ой дамуының тарихын, қазақ пен басқа этностардың мәдениетіндегі тәлім ерекшеліктерін, білім беру мен оның қазіргі замандағы рөлін, дүниетанымды, азаматтық сана-сезімді, жалпы мәдениеттің қалай қалыптасатынын, болашақ кәсіби іс-әрекетке даярлаудың әлеуметтік-психологиялық астарларын танып-білуі қажет. Елдегі соңғы ахуалдан кейін экстремал жағдайдағы психология зерттеуді қажет ететінін жақсы түсіндік, – деді сарапшы.