Бүгін қордың басқармасы төмендегі шешімдерді қабылдады: 1. Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды; «кеңесші» қызметтері жойылды.
Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды. Қордың жаңа ұйымдық құрылымы ресми сайтта жарияланған.
Бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған Тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен Қадағалау, маркетинг, және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, және «Атамекен» ҰКП-ге қарастыруға жіберілді. Бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды. Аталған құжаттарды директорлар кеңесі қабылдаған соң Қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады, — делінген қордың сайтындағы хабарламада.
Портфельдік компанияларға «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша ҚР президенті тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат жіберілді; жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімдері мен қадағалау индикаторлары анықталды.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының 2022 жылғы 24 қаңтарындағы шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры А. К.Сұлтановтың, Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Б.А.Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ж.Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры С.К.Елшібековтың өкілеті мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді, — делінген хабарламада.