Болашақ кәсіпкердің айналысында «диплом міндетті түрде керек», «жоғары білім алмасаң, ешкім болмайсың» деген стереотип көзқарастағы адам көп болыпты. Бақдәулет осындай ойдағы туыстары мен достары үшін ғана жоғары оқу орнына түсуге талпынған. Алайда ҰБТ-дан 91 балл жинап, бірнеше мамандықты мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндігі жетіп тұрса да, бұл ойынан айныған.
10-кластан бастап «портной» болғым келетінін түсіндім, костюмдерге қатты қызықтым. Әжем тігін тігетін. Отбасымда одан өзге ешкім бұл іспен айналыспаған. Әуелі құрдастарым сияқты университетке оқуға түсіп, бітірген соң ғана тігіншілікке барамын деп ойладым, бірақ қазір маған осы істі үйретіп жүрген ұстазым Әсет Аймановты мектеп бітірген жылғы жазда Instagram-нан тауып, шәкірт дайындайтынын білдім. Оқу бітіріп, төрт жылдан соң келсем, бұл кісінің ұстаздықпен айналысуы екіталай еді. Ал мен оның қолына барғым келді. Қатты қызықтым. Өйткені 25 жылға жуық тәжірибесі бар. Өзі мұны италиялық, украиналық шеберлерден үйренген. Ал университетке «тек диплом үшін» деген оймен түскелі жатқанымды түсіндім. География, математика пәндерін таңдап, қаржы мамандығына баруға дайындалып жүрдім, бірақ болашақта жұмыс істегім келмейтін мамандыққа уақытымды құртқым келмеді. Оның орнына қазірден тігіншілікті меңгеріп, төрт жылдан соң жақсы маман болғаным дұрыс қой деп шештім, — дейді ол.
Бақдәулет қандай да бір жоғары оқу орнына түсіп, білім алмағанына көпке дейін қысылып жүріпті. Бірақ кейін еті үйрене бастаған. Қазір бұл тақырып қозғалғанда өзіне ұнайтын іспен айналысып, ақша тауып жүргенін айтады.
Оның сөзінше, достарының арасында оқығысы келмеген, бірақ ата-анасы мен туыстарының қолқалауымен ғана мемлекеттік грант үшін өзіне ұнамайтын мамандыққа түскендер бар екен.
Көбі әкесі болмағаннан кейін анасы мен ағасына салмақ салғысы келмей, ақылы бөлімге түсуден бас тартты деп ойлады. Бұл шешіміме ағам мүлдем қарсы болмады, керісінше, бірден қолдады. Ал анам «Шынымен солай шештің бе», «Расымен оқуға түскің келмей ме?» деп бірнеше рет сұрады. Өзімде де көпке дейін комплекс болды. Қазір мұндай сұрақтарға етім үйрене бастады. Көшеден таныстарымды көріп қалғанда міндетті түрде қайда жүргенімді, қайда оқып жатқанымды сұрайды, тігіншілікпен айналысып жүргенімді айтсам, кейбірінің менсінбей қарайтынын сеземін. Туыстарыммен дастархан басында отырғанда бұл әңгіме қозғалады, сол кезде менен автомат өтіп кетеді. Кәсібім туралы білу көбін қызықтыра бермейді. Жоғары оқу орнына тек араласатын орта үшін түспегеніме өкінемін. Қазір кластастарыммен қатысып тұрамын. Өзімді дамыту үшін онлайн курстар, видеолар көремін, Алматыға келгеннен кейін бірнеше «портноймен» таныстым, қазір солармен әңгімелесемін, — дейді ол.
Өкініштісі, Бақдәулеттің бұл кәсібін дұрыс бағаламағандар да кездесіпті. Тігіншілікпен айналысып жүргенін естігендердің кейбірі «бұл жігітке тән мамандық емес» деп те айтыпты.
Анамның бірнеше құрбысының балалары да менімен қатар мектеп бітірді. Өзара әңгімелесіп отырғанда анам менің оқымай, тігіншілікке баратынымды айтқанда бір құрбысы «Тігіні несі, «голубой» ме, немене?» деп сұрапты, бірақ мұны анамның өзінен емес, өзгелерден естідім. Дизайн, сән, тігін десе, бірден көпшілігіне сондай ой келеді екен, — дейді ол.
Жас «портной» қазір кейбір кластасы сияқты өзіне ұнамайтын мамандықта оқымайтынына, жоғары білім алуға кететін төрт жылдық кезеңнен бірден секіріп кеткеніне қуанады. Бақдәулет жарты жыл бойы айына 35 мың теңгеден төлеп, ұстазынан осы саланың қыр-cырын меңгерген, әлі де үйреніп жүр. Ал қазір әр тапсырыстан үлесін алып, өзі де ақша да тауып отыр.
Қазақстанда bespoke технологиясы бойынша костюм тігуді үйрететін орынды, маманды көп іздедім, бірақ таба алмадым. Елімізде осы технологияны қолданып, киім тігетіндер саусақпен санарлық, барының өзі бірдей шәкірт дайындамайды, дайындаса да мұны ашық жария етпейді. Осы салаға қызығатын, өзі іздеп келген балалар арасынан таңдап алады екен. Ұстазым Әсет те солай жасады. Ол ата-анасының қалауымен келген, бұл іске қызықпайтын балаларды қабылдаудан бірден бас тартады. Алғашқы айда ештеңе төлемедім. Өйткені ағайым бір-бірімізге үйренейік, бәрі ойдағыдай болса, әрі қарай жалғастырамыз деді. 6-7 ай бойы өзім ақша төлеп үйрендім. Кейін ынтамды байқап, 50% жеңілдік жасап береді. Алғашқы кезде әр 10-15 минут сайын ұстазымның мазасын алып, әрдеңені сұрайтынмын. Осы күні бір тапсырысты бастан-аяқ өзім дайындай алатындай деңгейге жақындап келемін. Күні бойы ештеңе сұрамай, бәрін өзің жасағанның ләззаты бөлек. Қазір сызуды үйреніп жүрмін. Бұл — ең маңыздысы және қиыны. Өлшемдерді қағазға түсіргенде де формулаларды қолданамыз. Қиын болды, өйткені бәрі есеп, формула. Кешке басым ауырып, шаршап қайтатынмын. Тапсырыстарды ұстазым қабылдайды, кейін жұмысты бөліп аламыз. Біреуін өзі, біреуін мен тігемін. Әр тапсырыстан үлесімді алып отырамын, аз да болса, ақша табамын, — дейді ол.
Бақдәулет күнделікті өмірде костюм кимейтіндердің бұл киімді тек тойға, қуанышқа тіккізетінін құптамайды. Өйткені классика киімге қызықпайтындардың көп ақша төлеп, шығындалуы жөнсіз деп есептейді. Оның үстіне, арнайы тапсырыспен тігілген костюм 4-5 рет киген соң ғана адам денесіне үйренеді, содан кейін ыңғайлы бола бастайды екен.
Сәнді, әдемі көрінуге ақша керек емес. Түсті жақсы таңдасаңыз, арзан костюммен де әдемі көрінуге болады. Ал киімді арнайы тіктіру тек өзіңізге ыңғайлы болуы үшін дер едім. Біздегі бір костюмнің бағасы 750 мың теңгеден басталады. Мұндай бағаға тапсырыс беретіндер аз. Неге қымбат? Өйткені материалының өзіне кемінде 300-400 мың теңге жұмсалады. Клиенттерге каталогты көрсетеміз, онда түрлі бренд бар. Өзіне костюм тіккізгісі келетіндер отандық материалды көп таңдамайды, өзіміз де мұндай матаны қолданғымыз келмейді. Ал тігуге бір айға жуық уақыт жұмсаймыз. Қаншама еңбек, қаншама тер, — дейді ол.
Жас «портнойдың» айтуына қарағанда, көпшілік базардан немесе дүкеннен сатып алынған және арнайы тігілген костюмнің айырмашылығын байқай бермейді, бірақ үстіне кигенде мұны сезетін көрінеді.
Таныстарымның көбі bespoke технологиясын білмейді, бірақ бағасын естігенде «Ой, одан да LADA Priora алмаймын ба?» деп әзілдейді. Біріншіден, өзіңізге арнайы киім тіктірсеңіз, мұны өмір бойы кие аласыз. Бір жері жыртылып қалса немесе дұрыс болмаса, түзеуге, қайта тігуге болады. Екіншіден, материал қымбат болғанымен, есесіне, денеңіз рақаттанады. Базардан немесе дүкеннен сатып алатын костюмдердегі маталар арасына желім (клей) жағылады. Матаның дублирин деген түрі бар, оны киімді тігіп жатқан материалдың үстіне қойып, үтіктегенде желім еріп, оған жабысады, сол кезде қалыңдау болып шығады. Көп жерде осы технология қолданылады. Ал біз мүлдем желім пайдаланбаймыз, өйткені бұл матаның тесіктерін бітеп тастайды да, ауа өткізбейді. Терлеу осыдан пайда болады. Көктемде, жазда пиджак кигенде ыстықсаңыз, бұл киімнің емес, желімнің кесірінен деп біліңіз. Ал біз жылқының қылынан жасалған матаны алып, оны қолмен тігіп шығамыз. Сол себепті бізідң киім біріншіден ауа өткізеді, екіншіден созылады және ыңғайлы болады, — дейді ол.
Бақдәулет болашақта өз ательесін ашып, брендін қалыптастырғысы келеді. Шетелде тәжірибе жинауды армандайды.
Instagram-да италиялық «портнойларға» жазылғанмын, соларды үнемі бақылап отырамын. Бір күні лентаны қарап отырсам, тек костюмдер шығатынын көрдім. Сосын басқа аккаунт аштым, қазір киімге, костюмге қатыстының бәрін сонда көріп отырамын, бұл аккаунт болашақ брендімнің де атауы болуы мүмкін. Әзірше ойыма келгені сол болды, болашақта, мүмкін, ауыстырармын. Шетелде тәжірибе жинағым келеді. Италияда «портнойлықты» үйретететін бүтін бір академия бар. Бұл сала Украина мен Ресейде де жақсы дамыған. Болашақта таргет жарнамасын қосамын. Бұл бір жағынан өзіме табыс әкеледі, екінші жағынан қазақстандықтар костюмді тапсырыспен тіктіруге болатынын біледі. Олай болмағанның өзінде қымбат маталардың бар екенін, тек өзіңе арнап тігілген киімнің артықшылықтарын көреді, түсінеді, мотивация алады, — дейді ол.