Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрығы бойынша төтенше жағдай әсерінен зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілген. 7-20-25 және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша төлем уақытын кейінге қалдыру осы тәртіп аясында жүргізіледі.
Төтенше жағдайға байланысты 7-20-25 және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламалары клиенттеріне айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей, төлем мерзімі 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап 90 күнге дейін кейінге қалдырылды, — делінген қордың хабарламасында.
Банктер төлемдерді 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады. Төлемді кейінге қалдыру қарыз алушының несие тарихына әсер етпейтін көрінеді.
Төлемді кейінге қалдыру үшін банкке қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қосып, жүгінуі қажет. Өтініш электрон пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобайл қолданба көмегімен немесе банк бөлімшесіне келу арқылы беріледі.
Өтініштерді қарау мерзімі — 10 жұмыс күні. Өтініштер 2022 жылғы 4 сәуірге дейін (қоса алғанда) қабылданады.