«Байлықтың жартысы 162 адамның қолында». Президент жағдайды дереу өзгерту керегін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар.

Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн, — мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді.

Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық  саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды:

–  әділ бәсекелестік;
–  қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
–  мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
–  бизнестің салықтық тазалығы;
–  кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі.