Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу міндетін алып тастауды ұсынды.
Қазақстанда жыл сайын 2,7 миллион көлік техникалық байқаудан өткізіледі. Көлік жүргізушілері әрбір акт үшін 5 000 теңге төлейді. Осы саладағы жылдық табыстың көлемі, шамамен 7-13 миллиард теңгені құрайды,- деді Мәжілістің жалпы отырысында Айқын Қоңыров.
Оның айтуынша, осы саланың бәсекелі ортаға берілгеніне және техникалық байқау өткізетін жеке станциялар желісінің құрылғанына қарамастан, техникалық байқаудан өту рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа айналып отыр.
2021 жылы Көлік комитетінің қызметкерлері құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 2017-2021 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топтың нақты техникалық байқаусыз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған. Бұл істі ел бойынша жалған тұлғаларға тек «қағаз жүзінде» рәсімделген 28 компания жүзеге асырған. Тіркелген мекенжайларда техникалық байқау орталықтары, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қажетті техникалық жабдық, техникалық байқау өткізетін жер және маман болмаған,- деді Айқын Қоңыров.
Депутаттың айтуынша, шенеуніктер осылайша осы саладағы жемқорлықпен күресудің орнына оған өздері басшылық еткен.
Бүгінде техникалық байқаудың формалды шараға айналғанын айтуға болады. Халық болса, оған ақша шығарады. Жемқорлық болғаннан кейін техникалық байқау көлік иесі мен қозғалыстың басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етпейді. Экологиялық қауіпсіздкті де қамтамасыз етпейді, — деп атап өтті депутат.
Осыған байланысты Қазақстан халық партиясының депутаттары техникалық байқаудан өту міндетін алып тастауды ұсынып отыр. Олардың ойынша, бұл талап автобус, жүк көліктері мен такси үшін сақталуы шарт.