Респонденттерімізге мынадай сұрақтар қойылды:

  1. Президенттің кейінгі үндеуіне қатысты пікіріңіз қандай?

2. Президенттің «жаңа Қазақстан құрайық» деген сөзін қалай түсінесіз?

3. Сіздіңше, елдегі тәртіпсіздіктен кейін Қазақстан экономикасын қайта қалпына келтіру үшін нені ескерген жөн? 

Сәкен Нұрқабекұлы, қоғам белсендісі:

Ескі кадрмен «жаңа Қазақстан» жасау мүмкін емес

Сәкен Нұрқабекұлы
Сәкен Нұрқабекұлы. Фото жеке архивінен

Митингіден кейін жұртшылықтың көкейінде мыңдаған сұрақ пайда болды. Ақпараттық вакум орнады. Телеарнадағы келте мәліметке ешкімнің шөлі қанбайды. Ондайда кез келген қауесет елге толыққанды жаңалық ретінде тарайды. Әрине, осындай сәтте президенттің үндеу жасауы маңызды, бірақ ол үндеу елдегі ақпарат дефицитін жоймады. Ресми жаңалықтар жағдайдың шетін ғана көрсетеді. Ресми мекемелердің жалған ақпарат таратуы немесе жұмған аузын мүлдем ашпауы жұртшылықтың наразылығын күшейтеді және бұл орынды. Мұнда ортақ отанның тағдыры шешіліп жатыр. Оның ішінде сіз бен біз, күллі халық бар. Миллиондардың тағдырын миллиондар ғана шешуі керек. Сондықтан мемлекет басшысы ақпарат мәселесінде елге барынша ашық болғаны жақсы. Халық үшін ғана емес, өзі үшін де пайдалы.

Өзгеріс, әрине, болады. Басталып та қойды. Мәселе оның қай бағытта болатынында. Қазір жұртқа түсінікті болған бір-ақ мәселе бар, биліктің ауысу процесі жүріп жатыр және ол толықтай Тоқаевтың пайдасына шешіліп келеді. Әрине, жұрт мұны жақсы қабылдады. Аз уақыттың ішінде Тоқаевтың беделі артып шыға келді. Енді соны жоғалтып алмаудың бір амалы бар, ол – ашықтық пен шынайылық. Елдің қандай жағдайда тұрғанын ашық айтса ғана жұрт оның маңына топталады. Егер бұрынғы саяси технологияға жүгініп, қайтадан манипуляция ойнауға көшсе, ештеңе бітіре алмайды. Ел ықыласы тез ауатынын көрдік және оны қайтару қиын.

Бәріміз Тоқаевтың ниеті ізгі шығар деген үміттеміз. Іштей сол кісінің тілеуін тілейміз. Қазір ол кісіге деген халықтың сенімі өте жоғары, бірақ біз «ниет» деген жиі өзгеріп тұратын, құбылмалы нәрсе екенін көзбен көрген халықпыз. Айту бөлек, соған қол жеткізу бөлек екенін білеміз. Сондықтан «жаңа Қазақстан құрайық» деген сөзінің нені білдіретінін алдағы уақытта байқармыз. Әрине, «жемқорлықсыз», «меритократиялық», «адам құқы жоғары қойылатын мемлекет болса» деген үміт бар.

Бізде қазір адам, материалдық шығыннан бөлек түрлі проблема бар. Мәселен, бейбіт түрде наразылық білдіру мүмкіндігімізге соққы жасалды. Алдағы уақытта халық өз пікірін айтқысы келсе, билік кешегі бүліктің мысалымен жаншуға үйір болады. Әрине, бұрын да жаншып келді, бірақ ол кезде неше түрлі қитұрқы әрекетпен әлек болатын. Енді дайын сылтауы бар. Екіншіден, қандайда бір тұрақсыздық пайда болса, ел тонаумен ауызданған мародерлердің армиясы пайда болды. Осының бәрі халықтың бейбіт митинг өткізу мүмкіндігінен айырады. Томас Джеферсонның «Бостандық ағашын тирандардың және тирандармен күресушілердің қанымен отыз жылда бір суғарып отырмаса, солып қалады» деген сөзі бар. Қатты айтылған, бірақ шындық. Митинг те — тәуелсіздіктің бір атрибуты. Егер оған тыйым салынса, оның соңы кешегідей қантөгіске алып келеді.

Ең негізгісі — кадр мәселесі. Тоқаев өзін «Назарбаевтың ісін жалғастырушымын» деп мәлімдеді. Әрине, мұны этикалық әдеппен айтылған мәлімдеме деп қана қабылдайық. Өйткені ол шынымен мирасқорлық жолмен ауысуды таңдаса, елде ешқандай өзгеріс болмайды деген сөз. Бір жемқордың орнын екіншісі, бір атаққұмардың орнын басқасы басады дегенді ғана білдіреді. Билік мирасқорлық жолмен ауысады, бірақ жүйе ауыспайды. Жүйе тек люстрациялық механизм арқылы өзгереді. Билікті ескі кадрлардан тазаламай ештеңе бітіре алмайды. Ескі кадрмен «жаңа Қазақстан» жасау мүмкін емес.

Константин Мун, заңгер:

Мун Константин
Константин Мун. Фото жек арзивінен

Жақсыға үміттенемін, жаманға дайындаламын

Меніңше, президент еліміздегі «ауыр жаралардың» орасан зор қабатын айқындап берді, оның ішінде құқық қорғау жүйесінің сәтсіздігі, білім саласындағы мәселелер, халықты, әсіресе, жастарды әлеуметтік жұмыспен қамту мәселесі. Қаңтардағы оқиға көптен бері шешімін таппай келе жатқан бірқатар жүйелі проблеманың бар екенін көрсетті. Енді қандай да бір нақты реформалар бола ма, әлде жоқ па, оны айтуға әлі ерте. Дегенмен біз, заңгерлер уәде етілген халықтың қарыз жүктемесі деңгейін төмендететін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды және Әлеуметтік кодекс жасалуын күтеміз.

Ал Қазақстанда өзгерістің болып-болмауы уақыт еншісінде. Жақсыға үміттенемін, жаманға дайындаламын. Дегенмен азамат ретінде мемлекеттің жас мамандарды, жоғары оқу орындарының түлектерін оқыту және жұмысқа орналастыру мәселесін белсенді түрде шешуге кірісетініне сенгім келеді. Білім беру саласында түбегейлі реформалар болып, оқу материалдарының сапасы мен оқытушылардың білігі көтеріліп, еліміздің колледждері мен ЖОО түлектері үшін ақылы тағылымдамадан өтудің мемлекеттік бағдарламалары жасалады деп сенемін. Өйткені, өкінішке қарай, бізде кәсіптік әлеуетін іске асыра алмайтын 20-30 жастағы азаматтар бар. Салдарынан жұмыссыздық деңгейі өсіп жатыр, табыс төмен немесе мүлдем жоқ. Ал бұл мемлекеттің тұрақтылығы мен болашағына зиянын тигізеді. Бізге «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» статистикасы қажет емес – бізге білімді, өзіне және болашағына сенімді, түнде басқа мемлекетке көшіп-көшпеуді ойламай, елде өмір сүретін және жұмыс істейтін жастар қажет.

Менің «ішімдегі бала» «жаңа Қазақстан» деген сөзді былай түсінеді – біз президенттің бастамасымен бірге сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін ел құрамыз, мықты білім, медицина, адал да әділ сот жүйесі басымдыққа ие болады. Жеке меншік құқығы бұзылмайды. Мызғымас меритократия принципіне ие. «Жаңа елде» туыстық байланыс емес, сіз және еңбекқорлығыңыз, ақыл мен әдебіңіз маңызды. «Жаңа Қазақстанның» министрлері – өзі басқаратын саланың кәсіби мамандары.  Мемлекет халықты естиді — халық мемлекетті құрметтейді. Әрине, бұл ішімдегі аңғал баланың ойы. Ал ересек адам ретінде тым болмаса білім беру мен жұмыспен қамту саласында реформалар жүргізілсе жақсы болар еді деп ойлаймын.

Сонымен бірге қазір қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлеу — өте өзекті мәселе. Меніңше, тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккендерге қолдау көрсету керек және әркім заңға сәйкес, лайық өтемақы алады деп сенемін. Оған қоса «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның тез арада қабылдануы маңызды. Себебі көпшілік үшін қарыз алудың ауыртпалығы төзгісіз екенін бәріміз білеміз. Адамдар дүкеннен азық-түлік сатып алу үшін несие алады. «Көне Қазақстанда» жағдай осындай….

Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы:

Бейсенғазы Сәдуұлы
Бейсенғазы Сәдуүлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Президент мақсатына жетуі үшін биліктегі көп адаммен қоштасуы керек

Қасым-Жомарт Кемелұлы билікті толық қолына алуы қажет. Ол үшін президент жанында қызметте отырған сенат, мәжіліс депутаттары және министрліктегі көп азаматпен қоштасқаны жөн. Себебі, өкінішке қарай, бүгінге дейін қазақтың көп жұмысы «Бәке, Сәкемен» шешіліп, реттеліп отырды. Мұндай жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз мақсатына жету қиынға соғады. Қазіргі биліктегі адамдар орнынан кетпесе, президенттің «жаңа Қазақстан» құру жоспары ұзаққа созылуы әбден мүмкін. Ал ұзаққа созылған іс нәтиже бермейді.

Қазір білімді де білікті қырықтан асқан, орта жастағы және жас азамат көп. Президент осындай елім дейтін, мемлекеттің қамын ойлайтын азаматтарды жанына жинағаны абзал. Сонда еліміз өркендей бастайды. Сондықтан мемлекет басшысы қатаң ұстаным мен тәртіп орнатқаны жөн.

Расул Рысмамбетов, экономист:

экономист Расул Рысмамбетов
Фото: Check-point.kz

Мемлекет басшысының ендігі міндеті — айтқан сөзін іс жүзінде орындау

Президент мәжіліс отырысында ең басты мәселелерді талқылады. Біріншіден, квазимемлекеттік секторды қайта қарастыру және оның тиімді тұсын арттыру жөнінде айтылды.

Екіншіден, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Онда елдегі кей бақуатты адамның қаражат құюға міндеттелуі мүмкін екенін естіп отырмыз. Тіпті, мемлекетте олардың тізімі де бар шығар. Меніңше, бұл қорды ашудағы басты мақсат ақша емес, әлеуметтік теңдікті орнату сияқты. Бұл іспен мемлекет халықтың жанында екенін және «Бәрі бөліседі, ешкім ұрламайды» деген ұстанымды көрсеткісі келді деп ойлаймын.

Үшіншіден, алты айға газ бағасы тұрақталды. Енді мемлекет елдегі болған жағдайды ескеріп, жаңа бағдарлама жасауы қажет. Әрине, бұл бір-екі аптада шешілетін мәселе емес.

Қаңтар жалпы болған оқиға салдары мен зардаптарын жоюмен өтеді. Дегенмен ел экономикасы қатты зардап шекпеді, мұнай, метталургия сияқты салаларға зиян келмеді. Шағын және орта кәсіп иелері екі айда тез қалпына келеді деп ойлаймын. Ақпаннан бастап жаңа қадамдар көруге үміттенеміз, бірақ көп ірі мәселелерді күзге таман жүзеге асыратын шығар. Ендігі мемлекет басшысының міндеті — үндеуінде айтқанын іс жүзінде орындап, бюджет қаражатын шынымен экономиканың дамуына жұмсайтынын дәлелдеу. Халықтың міндеті — бақылау. Халық наурызды позитив түрде өткізуі керек. Әйтпесе, алдағы бір-екі жылымыз ауыр болуы мүмкін.  Ал биліктің жұмысының нәтижесін шамамен екі айдан соң көре бастаймыз. Егер еш өзгермесе, билікті ауыстыруға мәжбүрміз.

Болатбек Ержан, заңгер:

      Қандай да бір батырды немесе өзгерісті күтудің қажеті жоқ

заңгер Болатбек Ержан
Фото жеке архивінен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәжіліс отырысындағы үндеуінен кейін Қазақстанда өзгеріс болып-болмайтынын уақыт көрсетеді. Әрине, енді елде бәрі реттеліп, жақсарытынына үміттенеміз. Дегенмен полицейлердің жұмыс бабындағы қабілетсіздігі мен мәдениетсіздігі әлі де қапаландырады.

Меніңше, қазір бір өзгерісті, қандай да бір батырды немесе саясаткерді, реформаны күтудің қажеті жоқ. Оның  орнына әр адам өз құқығын біліп, оны іске асыра білуді үйренуі керек. Сонда ғана қоғам өзгереді. Өз тәжірибеме сүйенсем, қолында смартфоны мен интернеті бар, бірақ өз құқығына қатысты ақпарат табуға қиналатын немесе ерінетін жастарды көп байқаймын. Өз құқығымен таныс адам мемлекеттік қызметтерге тез қол жеткізді, барлық мәселені тез шеше алады, полицейлер де оған себепсіз тиіспейді.